Балаларды қорлаған оқытушылардың қылығы ата-аналардың ашуына тиген. Перзентім зәбір көрді деген бір топ ата-ана Қаратау аудандық ІІБ барып, арызданды.
Шымкентте мектеп директорының орынбасары мен мұғалім оқушыларды мазақ еткен. Оқытушылар мен оқушылар арасындағы жанжал №125 және №83 мектептері арасында орын алған. Нақтырақ айтқанда, мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі шомылуға келген бір топ жасөспірімді соққыға жығып, жарты сағат бойы тізерлетіп кешірім сұратқан деп хабарлайды ERNUR.KZ otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
13 жастағы Саша мен оның достарын Қайнарбұлақ саяжайындағы көлдің басында соққыға жыққан. Сұмдық жағдай болған күні №125 мектептің оқушылары осы маңдағы көлге шомылуға барған. Балалардың айтуынша, №83 мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі көлдің маңында жүрген өзге мектептің оқушыларын көріп, соққыға жыққан. Бұған қоса жеткіншектерді жарты сағат бойы тізерлетіп, кешірім сұрауға мәжбүрлеген.
Балаларды қорлаған оқытушылардың қылығы ата-аналардың ашуына тиген. Перзентім зәбір көрді деген бір топ ата-ана Қаратау аудандық ІІБ барып, арызданды. Жәбірленуші тараптың сөзінше, оқушыларды мазақ еткен ұстаздар оқиға болған күні есін білмейді. «Не ішіп алуы немесе шегіп алуы мүмкін» деп отыр.
Валентина Егорова, жәбірленушінің анасы:
«Баламды ұрып соққан. Көлігін жуғызып қойған. Қабырғасынан тепкен. Шоқпармен ұрған. Осылайша мұғалімдер балаға тәрбие бере ме? Біздің балаларымызды мазақ қылған. Оқиға болған күні кешкісін үйімізге келді. Директордың орынбасары есін білмейді, аяғымен әрең тұр. Шегіп алған сияқты. Бұл ісіне заң алдында олар жауап беруі тиіс».
Ұстаздар тиісті жазасын алсын деген ата-аналар №83 мектепке барып, шу шығарды. Балаларын соққыға жықты деген орынбасарды көре сала жағасынан алып, жасаған ісіне жауап беруді талап етті. Ал тәрбие ісі жөніндегі мектеп директорының орынбасары болса тек ақталумен болды.
Мектеп әкімшілігі мен оқушылар арасындағы жанжал бойынша ОҚО ІІД ресми ақпарат таратпады. Дегенмен баспасөз қызметі ауызша хабарлағандай, жасөспірімдердің арызы бойынша Қаратау аудандық жергілікті полиция қызметі тексеру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, ауыр жарақат алды деген болжаммен екі жеткіншекке сараптама жұмыстары жүргізілді.