Жанталаста туған сәбидің есімі - Камила.
ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрлігінің қызметкерлері Арыстағы жарылыс кезінде жүкті әйелді қалай босандырғандарын айтты, деп жазады Stan.kz.
24 маусым күні Арыста ҰБТ өтуге тиіс болған. 12 адамнан құралған министрлік өкілдерін ҰБТ өткізу үшін сол жерге жіберіледі. Жарылыс болған сәтте олар тестілеу пункінде болған.
"Жарылыс болған уақытта не істерімізді білмей, қаша бастадық. Қаланы білмегендіктен қайда барарымызды білмедік. Аяғымыз қансырай жүгірдік. Сыртта көліктер балаларды алып кетіп жатты. Біз балалар барсын деп, көлікке отырмадық. Жаяу жүрдік. Бір кезде жас жігіт тоқтады. Есімі Досмұхамед. Бізді 41-ауылға дейін жеткізіп тастады. Жол бойында әжелерді, балаларды алды", - дейді БҒМ қызметкері Жанат Нұржұманова.
Қызметкерлер жолда жүкті әйелді көріп, босануға көмектескен. Балбөпе Өтенова мен Жанат Нұржұманова, Шайза Доскаевалар Ақжар ауылында барар жолда жүкті әйелді босандырады.
"Жүкті әйел өте мықты екен. Таңертең толғағы басталып, Арысқа ауруханаға барған. Алайда жарылыс болып, ол жерден акушермен бірге қашқан. Бірнеше шақырымды жаяу жүрген. Біздің көлік тоқтағанға дейін жаяу жүріпті. Жүкті әйелдің шыдамы тауысылғанда бірінші кездескен үйге тоқтадық. Бәрі сәтті өтті", - деді Балбөпе Өтенова.
Оның айтуынша, сәби үлкен болғандықтан босану қиын болды.
"Келіншек қуаныштан баласының есімін көлік жүргізушісінің құрметіне қоймақ еді. Өмірге келген сәби қыз бала болды. Сондықтан жүргізушінің анасының есімімен Камила деп қойды", - дейді ол.
Босанған әйелдің есімі Кенже, 1996 жылғы. Бұл оның екінші баласы екен. Министрлік қызметкерлері әйелдің күйеуіне әке болғанын хабарлап, өздері әрі қарай кете барды. Қазір қызметкерлер Нұр-Сұлтанға қайтқан.