Ауданда «Nur Otan» партиясының 4570 мүшесі бар.
Мақтааралдық диқандар өз таңдауларын жасады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында «Nur Otan» партиясының праймеризіне дауыс беру кезеңі қыза түсті. Мақтаарал ауданының диқандары да саяси додада белсенділік танытып, өз таңдауларын жасап дауыс берді.
Жалпы Мақтаарал ауданында «Nur Otan» партиясының 4570 мүшесі бар. Праймеризге 61 үміткер қатысып жатыр. Кандидаттар үгіт-насихат пен жария пікірсайыс кезеңінде ауыл шаруашылығын дамыту, өңірдің инфрақұрылымын ретке келтіру және өзге де мәселелерді қозғаған болатын. Мақтааралдық партия мүшелері осы азаматтардың арасынан үздіктерді таңдауға мүдделі. Соның ішінде диқандар қауымының да праймеризге атсалысуы – саяси белсенділіктің жоғары екенінің көрінісі.
Мақтаарал ауданындағы 5 сайлау учаскесінде дәстүрлі бюллетень арқылы дауыс қабылданса, 8 орында онлайн дауыс беру жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, белсенді дауыс бергендердің қатарында Шардара ауданындағы «Майқала» бастауыш партия ұйымы да бар. Сонымен бірге «Хамит» СПК партиялық тобының мүшелері де онлайн режимде таңдауларын жасады.