Шымкентте жап-жаңа көпқабатты үйдің жертөлесіне су толып жатыр (видео)

0
2 267

Мииллионды қала атанған Шымкенттің жаңа шағын ауданының бірінде қолдануға берілгеніне жарты жыл енді ғана болған көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесіне су толып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


Шымкентте жап-жаңа көпқабатты үйдің жертөлесіне су толып жатыр (видео)

Мииллионды қала атанған Шымкенттің жаңа шағын ауданының бірінде қолдануға берілгеніне жыл толмаған көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесіне су толып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкенттегі «Нұрсәт-3» шағын ауданының тұрғыны Мадияр Даниярұлының айтуы бойынша, аталмыш аудандағы жаңа, берілгеніне 6 ай болмаған №72 үйдің жертөлесін су алған. Тұрғынның шағымынан соң аталған үйдің жағдайымен ERNUR.KZ тілшісі барып танысып қайтты.


Жалпы, бұл аймақтағы көпқабатты жаңа үйлерге тұрғындар 2018 жылдың наурыз айынан бастап қоныстана бастаған көрінеді. Күн ысығалы бері жертөледен шығатын сасық иіс те тұрғындардың мазасын алып жатқанға ұқсайды. Тұрғындардың айтуынша, кейде белгісіз біреулер келіп жертөледегі суды насоспен тартып шығарып кеткенмен, екі күннен соң қайта тола бастайды екен. Жертөлеге судың қайдан кетіп жатқаны да белгісіз.

"Бұл үй 2017 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген, біз 2018 жылдың наурыз айында көшіп келдік. Мынау су біз қоныстанған №72 үйдің жертөлесіне күн сайын толып кетеді, оны тазалаймыз деп жалған уәде береді. Су толып кетсе қолқаны қабатын сасық иіс шығады. Қазір кешке, түнде келіп суды насоспен тартып тазалап жатыр. Бірақ олардың кім екенін, қандай мекемеден келгенін біз білмейміз. Сұрасақ өздері де ештеңе айтпайды. Үйді пайдалануға бергенде 5 жылға кепілдікпен алғанбыз. Бұл жөнінде құрылыс департаментіне жазғанбыз, бірақ ешқандай жауап ала алмадық. Бұл үйдің кураторы бар. Осы мәселе жөнінде оған талай рет телефон шалдық, тұтқаны еш көтермейді. Есіктің алдында оның аты-жөні жазылып тұрған. Бірақ шағым түсе бергеннен кейін оны да алып тастады. Қазір аты-жөнінің кім екенін де білмеймін», – деді Мадияр Даниярұлы.

Тұрғын айтқандай, көпқабатты үйдің подъезіне кіргеннен-ақ қолқаны қабатын ылғал иіс сезіліпт тұр. Жертөлеге түсетін баспалдық бойында электр жарығы жоқ екен, қалта телефонның жарығын пайдалануға тура келді. Расында, жертөленің ішін су басып жатыр, қабырғасы ылғал.


«Кейде су қатты көбейгенде жертөленің есігіне дейін келеді», - деді М.Даниярұлының жары Бану есімді жас келіншек.

«Бүйте берсе, мына үйдің жағдайы не болады? Апатты жағдайға әкеп соқпай ма? Бір күні үй құласа қайтеміз?», - деп уайымдайды аталған үйдің тұрғындары Мадияр мен Бану.

Біз барғанда жертөледегі суды әлдекімдер насоспен тартып жатты. Олардың қай мекемеден екенін білу мақсатында жөн сұрамақ болып едік, жұмысшылар ақпарат беруден бас тартты. «Басшыларымыз рұқсат етпейді» деген соң қай мекемеден екендігін сұрап едік, оны да айта алмайтынын жеткізіп бас тартты.

Халықтың мазасын алған проблемаға қатысты жауапты мекемелерден қандай да бір пікір алмақ болып хабарласқанымызда, ақ жағалылар бұл мәселеге қатысты редакция тарапынан қойылатын сұрақтарға тек хатпен ғана жауап бере алатындықтарын кесіп айтты. Редакция тарапынан хат жолданды, нақты мәлімет күтеміз.