Созақтық мұғалім ғылыми жобада ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды

0
1 234

Фестиваль Түркістан облысындағы жоғары оқу орындарының, колледж және мектеп оқытушыларының арасында ғылыми-зерттеу әлеуетін тереңдете отырып тарату мақсатында өткізілді.


Созақтық мұғалім ғылыми жобада ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды

Түркістан облысы, Созақ ауданына қарасты «Қарағұр» жалпы орта мектебінің химия пәнінің мұғалімі Абдрахманова Гүлзат Тағайқызы «ХХІ ғасырдың зияткерлік әлеуеті: өнертапқыштық пен ғылыми ізденіс» жобалар фестивалінде жоғары біліктілік көрсеткені үшін ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Фестиваль ҚР Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» «БАҰО» АҚФ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен өткізілді.

Түркістан облысындағы жоғары оқу орындарының, колледж және мектеп оқытушыларының арасында ғылыми-зерттеу әлеуетін тереңдете отырып тарату мақсатында өткізілген фестивальде мұғалімдер «ХХІ ғасырдың зияткерлік әлеуеті: өнертапқыштық пен ғылыми ізденіс» жобалар тақырыбы аясында ғылыми жобаларын ұсынды.

Созақ ауданынан қатысқан «Қарағұр» жалпы орта мектебінің химия пән мұғалімі Абдрахманова Гүлзат Тағайқызы «Газдалған сусындармен адам ағзасында пайда болатын қатерлі ауру түрлерін дәлелдеу» тақырыбында ғылыми зерттеу жұмысын қорғады. Созақтық мұғалімнің ғылыми жобасы жоғары бағаланып, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

Айта кетейік, Абдрахманова Гүлзат Тағайқызы бұған дейін республика көлеміндегі жаратылыстану бағытында политехникалық қолданбалы математикалық, тәжірибелік бағыттарды күшейту мақсатында өткен жарыста 1-орынды иеленген. Ал, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің қалыптасу, даму кезеңдеріне арналған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты республикалық қашықтықтағы ғылыми жобалар байқауының да жеңімпазы.