иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Түркістан облысының орталығы - Түркістан көшелеріне қызғалдақ гүлінің көшеттері отырғызылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Табиғат сыйы тараздық көршілердің көмегімен жүзеге асуда.
Айта кетерлігі, бүгінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі болса, оның 35 түрі Қазақстанда өседі екен. Ал Тараз қаласындағы гүл егумен айналысатын «Жасұлан флора» мекемесі қызғалдақтың 20 – дан астам түрін өсіреді. Қазір осы мекемеге қарасты жұмысшылар Түркістанға деген сый ретінде қала көшелеріне қызғалдақ отырғызуда.
"Тараздық бұл мекеме 12 жылдан бері осындай гүл егумен айналысады. Олар бұған дейін де Тараздан бөлек Ақтөбе мен Қызылорда қалаларында өз қолтаңбаларын қалдырған. Енді міне, олар осы үрдісті облыстың жаңа орталығы Түркістан қаласында жалғастырып отыр, - дейді «Жасұлан- флора» ЖШС қызметкері Ж.Молдабаев.
Тараздық жұмысшылар күшімен мұнда 300 мыңға жуық көшет отырғызылғалы жатыр. Алдағы уақытта бұл егілген қызғалдақтар ерте көктемде бүршік жарып, қалаға ерекше көрік беретіні анық.