Тәуелсіздік мерекесі ауыл округтерінде де ерекше тойланды.
16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының азаттығының бастауы. Әрбір қазақстандық үшін орны бөлек осы атаулы күні Түркістан облысы, Созақ ауданының Құмкент ауылдық округінде «Тәуелсіздік тірегі – қайсар рухы қазақтың» деген атпен салтанатты мерекелік іс-шара болып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Ең басты құндылығымыз саналатын – Тәуелсіздікке арналған мереке еліміздің барлық өңірінде, оның ішінде ауыл округтерінде де ерекше аталып өткені Егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күннің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі екенін білдіреді.
Созақ ауданындағы Құмкент ауылдық округі де елжандылық пен отансүйгіштікті арттырған – Тәуелсіздік мерекесін жоғары деңгейде атап, мерекелік концерт ұйымдастырды. Еліміздің біртұтастығын дәріптейтін, жастардың бойына патриоттық сезімді ұялатқан салтанатты кешке Құмкент, Қызылкөл, Қызылқанат елді мекендерінің мекеме басшылары, ауыл ақсақалдары және ауыл тұрғындары қатысты.
Құмкент ауылдық округінің әкімі А. Көбенов салтанатты жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтап, еліміздің тәуелсіздік тарихындағы ірі тұлғаларды жастарға өнеге етті. Бүгінгі жаңа әлемге қадам басқан Қазақстан Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты саясатының нәтижесі екеніне тоқталды. Дамудың жаңаша соқпағына түскен Құмкент ауыл әкімдігіндегі атқарылып жатқан оң істер де Елбасымыздың көреген саясатының, тәуелсіздігіміздің жемісі екенін айтты.
Мерекелік іс-шара барысында округ әкімі А. Көбенов бүгінде жаңарған, жақсарған Құмкент ауылдық округінің көркейту-көгалдандыру және санитарлық жұмыстарына белсене атсалысқан азаматтарды марапаттады.