«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: Түркістан облысындағы нысандардың жай-күйі жақсарды

0
494

Облыстағы барлық мекеме қызметкерлері өздерінің ғимараты мен ауласын таза ұстауы керек екенін жеткізді.


«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: Түркістан облысындағы нысандардың жай-күйі жақсарды

Түркістан облысындағы білім, мәдениет, туризм және денсаулық сақтау нысандарының жай-күйі жақсарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы жалғасады. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының апталық отырысында айтылды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды тазалық, абаттандыру жұмыстарын жүйелеуді, тұрғындардың экологиялық белсенділігін көтеруді тапсырды. Облыстағы барлық мекеме қызметкерлері өздерінің ғимараты мен ауласын таза ұстауы керек екенін жеткізді.


«Барлық аудан, қала, ауыл әкімдіктерінің ғимаратына, ауласына мониторинг жүргізіледі. Білім, мәдениет, медицина, спорт мекемелерінің қызметкерлері де өз аймақтарын таза ұстаулары тиіс. Облыстық, республикалық маңызы бар жолдардың жан-жағы да тексеріледі. Жауапты басқармалар, мекемелер жұмысты күшейтсін. Тұрғындардың белсенділігін көтеріңіздер. Түсіндіру, ағарту, ақпараттық жұмыстар жүргізілсін. Орынбасарлар мен аудан, қала әкімдері осы бағыттағы жұмысты жүйелеу жөнінде ұсытыстарыңызды беріңіздер. «Таза Қазақстан» акциясы тоқтаусыз жалғасады», – деді Дархан Сатыбалды.


Мәжілісте Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың «Таза Қазақстан» акциясын жүзеге асыру жөніндегі баяндамалары мен ұсыныстары тыңдалды. Білім, мәдениет, туризм және медицина саласы өкілдерінің акцияға қосқан үлесі және алдағы жоспарлары туралы баяндалды.


Аталған акция бойынша облыстағы 2500-ден астам білім беру ұйымында (1421 балабақша, 1052 мектеп, 50 колледж) экологиялық мәдениетті қалыптастыра отырып, отансүйгіштікке, табиғатты қорғауға баулу көздеген жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңға дейін білім беру ұйымдарының күшімен 12 360 дана ағаш көшеттері отырғызылып, 81 800 ағаш түптерін әктеу жұмыстары жүрді. 243 тонна қоқыс қалдықтары шығарылып, 89 шақырым аяқжолдар тазаланған. 1200 ғимараттың, шарбақтардың әктеу, сырлау жұмыстары жүргізіліп, 72 мыңнан астам қызметкер тазалық жұмысына өз үлестерін қосты.


2024 жылы 22 мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге (жалпы құны 14,7 млрд. теңге) 7,7 млрд. теңге қаржы қаралды. Сонымен қатар 2024 жылы 91 білім мекемесіне (61 мектеп, 25 балабақша, 1 қолдау орталығы, 4 балалар лагері) ағымдағы жөндеуге 4,7 млрд. теңге қаржы қаралды.