ТҮРКІСТАН: 10 жер қойнауын пайдаланушы компанияның келісімшарты тоқтатылды

0
61

Табиғатқа зиян келтірген.


ТҮРКІСТАН: 10 жер қойнауын пайдаланушы компанияның келісімшарты тоқтатылды

Түркістан облысында табиғатқа зиян келтірген 10 жер қойнауын пайдаланушы компанияның келісімшарты тоқтатылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының ірі өзендері мен көлдерінің су қорғауы белдеуіндегі және ауылдар мен елді-мекен аумақтарына жақын орналасқан кен орындарының жұмыстары тоқтатылуда. Қазіргі таңға дейін міндеттемелерін орындамаған 10 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары мерзімінен бұрын тоқтатылса, 2023-2024 жылдар аралығында 16 кен орнының жұмысы заң аясында тоқтатылған. Одан бөлек, 2020-2024 жылдар аралығында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тарапынан тоқтатылған 14 кен орнының жерлері құзырлы органдармен комиссия құрылып, мемлекетке қайтарылған.


Міндеттемелерін толық орындамаған 38 жер қойнауын пайдаланушының келісімшартын мерзімінен бұрын тоқтату ұсынысы Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасына прокурорлық сүзгіден өткізу үшін жолданды. Прокуратура тарапынан келісім берілген жағдайда аталған келісімшарттар мен лицензиялар тоқтатылмақ.


Түркістан облысында карьерлерді заңсыз немесе ережені сақтамай пайдаланатындарға қарсы күрес бұрынғыдан да күшейтіле түседі. Аталған мәселе облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров табиғатқа зиянын тигізіп жатқан компанияларға қарсы заң аясында күресті күшейтуді тапсырды.


– Жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларды анықтау мақсатында осы салаға жауапты құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен жұмысшы топ құрылған. Олар мониторинг жұмыстарын жүргізіп келеді. Бірақ нақты шешім қабылдар сәтте жауапты мекемелер өз міндетін толық орындамай отыр. Сондықтан әр мекеме өзіне жүктелген міндетті айқындап әрі сапалы атқарып, заңсыз жер қойнауын пайдаланушыларға қарсы нақты әрі батыл шешімдер қабылдануы тиіс. Табиғат зиян шекпеуі керек. Карьерлерге тұрақты түрде рейд жүргізуді тапсырамын. Заң талаптары сақталуы қажет. Мобильді топтардың жұмысын күшейтіңіздер, – деді Нұралхан Көшеров.


Мәжілісте Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов пен Түркістан облысының полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов карьерлерге қатысты кемшіліктерді жою бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.


Жер қойнауын пайдаланушылардың жұмыстарына бақылау жүргізу барысында 65 кен орны аумағынан кемшіліктер анықталып, Экология департаменті тарапынан келтірілген залалы есептелді. Нәтижесінде 20 жер қойнауын пайдаланушы өз еркімен облыстық бюджетке 24,2 млн. теңге залал шығындарын төледі. Сондай-ақ 4 жер қойнауын пайдаланушыға қатысты келісімшарттағы аумақтың тереңдігін мөлшерден асыра қазуына байланысты 37,6 млн. теңге қаржыны өндірту бойынша сотқа талап арыз жолданды. Қалған 41 жер қойнауын пайдаланушы келісімшарттық аумақтан тыс қазғаны бойынша құзырлы органдарға тиісті ұсыныс берілген. 2024 жылы аудан және қала әкімдіктері, полиция тарапынан жалпы 495 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 246 ауыр жүк көлігі, 47 арнайы техника айыптұраққа қойылып, 31,1 млн. теңге айыппұл салынды. Заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу бойынша жұмыстар жалғасын табады.


Айта кетейік, бүгінгі таңда, облысымызда кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 193 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олар 80 келісімшарт және 113 лицензия негізінде жұмыс істейді.

Бөлісу