ТҮРКІСТАН: 1000 метр электр сымын ұрламақ болғандар қолға түсті

0
519

Күдікті үш азамат Шымкент қаласының тұрғындары.


ТҮРКІСТАН: 1000 метр электр сымын ұрламақ болғандар қолға түсті

Түркістан облысының полицейлері 1000 метр электр сымдарын жымқырмақ болғандарды ұстады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бәйдібек аудандық полиция бөліміне бағаналарды орнатып, электр сымдарын тартып жүрген фирманың жалдамалы қызметкерлері арыз түсіреді. Олардың айтуынша, белгісіз біреулер фирмаға тиесілі сымдарды көліктеріне артып жатқанын байқап қалған. Ал мән-жайды сұрағанда, олар өздерін осы мекеменің жұмысшыларымыз деп таныстырған. Осылай күдік тудырғаннан кейін, бірден полицейлерге болған жағдайды айтып, көмекке шақырады.

Хабарлама түсісімен полицейлер, оқиға орнына шұғыл жетеді. Тәртіп сақшыларының тез арада әрекет етуінің арқасында, күдіктілер қылмыс үстінде ұсталады. Олардан айғақты зат ретінде 20 бума электр сымы тәркіленіп алынды. Күдікті үш азамат Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты. Біреуі бұрын сотты болған. Ұсталғандар сол сәтте АПБ-ға жеткізілді.

Тергеу барысында анықталғандай, күдіктілер өзара алдын ала сөз байласып, түннің қараңғылығын пайдаланып, Бәйдібек ауданы ауылдарының бірінен 5-6 шақырым қашықтықтағы жайылымдық алқапта құлаған күйде жатқан электр бағаналардың бос жатқан сымдарын жасырын жымқырмақ болған. Бүгінде оқиға орнында табылған сымдардың қай мекемеге тиесілі екендігі анықталуда.

Күдіктілердің автокөліктері айыптұраққа қойылды. Олардан алынған сымның жалпы ұзындығы 1000 метрден асты. Бас шаралары қолхатта. Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары атқарылуда.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға бағалы заттарына, мал-мүліктеріне сақ болуды ескертеді. Мүмкіндігінше бейнебақылау камералары мен дабылқақыштарды орнатуға кеңес береді.