74,1 мың адамға тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі.
Түркістан облысында 2024 жылы «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бойынша 118,9 мың жаңа жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Биыл Түркістан облысында жұмыспен қамту шаралары қарқынды жүргізілуде. Оған қоса, 2024 жылы 140,2 мың тұрғынды жұмыспен қамту шараларын іске асыру қолға алынуда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен бекітілген «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орнын ашу көзделуде. Ал, өңірлік карта аясында 74,1 мың адамға тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі.
Бүгінде Өңірлік карта бойынша 45 197 жұмыс орындары ашылып, оның ішінде 15 289 орын тұрақты. Бұл ретте, Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны бағдарламасы арқылы 4 345 тұрақты жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, Ұлттық жобалар бойынша 3671 жұмыс орындарын ашу жоспарланып, нақты 87 жоба арқылы 610 жұмыс орны ашылды.
Жалпы облыс көлемінде 43,3 мың адамды бос және жаңа жұмыс орындарына жолдау жоспарланып, бүгінде 10 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Ал, 43,2 мың адамды уақытша жұмыс орындарына жолдау көзделіп, нақты 20,5 мың адам субсидияланған уақытша жұмыс орындарына орналасты.
Айта кетейік, Түркістан облысында кәсіпкерлікке бірқатар қолдаулар көрсетіліп келеді. Оған дәлел 2024 жылы 7,2 мың адамға кәсіпкерлік бастамаларына грант және шағын несие беру жұмыстары қарастырылуда.
Оның ішінде әлеуметтік осал топтағы азаматтар арасынан 1 793 адамға бизнес-идеясын дамытуға гранттар беру, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 4 803 жаңа жұмыс орындарын ашу, 621 жас кәсіпкерлерге 2,5 пайызбен 5 млн. теңге жеңілдетілген шағын несие беру көзделуде. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.