ТҮРКІСТАН: 30-ға жуық ауылға сапалы интернет желісі тартылып жатыр

0
665

45 елді мекен жоспарға енгізілген.


ТҮРКІСТАН: 30-ға жуық ауылға сапалы интернет желісі тартылып жатыр

Түркістан облысындағы ауылдарды интернетпен қамту қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы аумағындағы ауылдық елді мекендерде ұялы байланыс арнасымен қамту және интернет желісінің сапасын жақсарту мақсатында 45 елді мекен жоспарға енгізілген болатын. Оның ішінде, 16 елді мекен мобильді кең жолақты қолжетімділікпен қамтылып, 29 ауылдық елді мекенде жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев мәлімдеді.


«ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және байланыс операторлары арасында халық саны 250-ден жоғары ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты мобильді интернет желісімен қамту мақсатында келісім жасалған. Меморандум жобасына облыстағы 80 елді мекен тізімі еніп, 58 елді мекен мобильді кең жолақты қолжетімділікпен қамтылды. Қалған, 22-сінде интернет жылдамдығы өте төмен. Осыған байланысты елді мекендерде интернет сапасына бақылау жұмыстары жүргізілді. Тиісті шаралар кезең-кезеңімен қолға алынатын болады»,-деді басқарма басшысы.


Жалпы өңірде 838 ауылдық елді мекен бар. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өңірлік байланыс инспекциясының басшысы Ержан Тоқтағұловтың айтуынша, облыста 151 елді мекенде ұялы байланыс мүлдем жоқ. Аудан, қала әкімдіктерінің талдау нәтижелері бойынша 481 елді мекен 3G және 4G мобильді желісімен, 206 елді мекен 2G мобильді желісімен қамтамасыз етілген.