ТҮРКІСТАН: 30 медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр

0
290

49 медициналық санитарлық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жоспарланған.


ТҮРКІСТАН: 30 медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр

Түркістан облысында 30 медициналық нысанның құрылысы қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 49 медициналық санитарлық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік және 6 медициналық пункт қамтылған. Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жоба аясында басталған денсаулық нысандарының бүгінгі жай-күні талқыланды. Өңір басшысы жауаптыларға құрылыс барысын қатаң қадағалауды тапсырып, бірқатар міндеттер жүктеді.


«Денсаулық нысандарында жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстарын аралап көруді тапсырамын. Туындаған мәселелерді дер кезінде шешіп, құжат жағын ертерек аяқтаңыздар. Өздеріңіз білесіздер, облысымыз тұрғын саны көп өңірлер қатарында. Сондықтан халықтың денсаулығын жақсарту барысында оларға сапалы медициналық қызметтер көрсететін заманауи денсаулық мекемелері аса қажет», – деді облыс әкімі.


Қазіргі таңда 30 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 18 жобаның мердігер мекемелері анықталып, құрылыс жұмыстарын 19 тамызда басталады деп жоспарлануда. Бұл туралы Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев баяндады. Республикалық бюджеттен 45 нысанға қаржы қаралған. 1 жобаны жеке меншік медициналық ұйым өз қаражаты есебінен құрылысын жүргізіп жатыр.


Жалпы 42 нысанды инженерлік желілермен қамтуға жергілікті бюджеттен қаржы қаралды. Оның 20-сында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. 2 нысан бойынша конкурс өткізілілсе, қалған 20 нысан құрылысын бастауға дайындық жұмыстары жүріп жатыр.


Биыл 7 денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланған. Қазіргі таңда Жетісай, Созақ және Сайрам ауданындағы Үш нысанның ЖСҚ-лары мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Біреуі мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алып, мемлекеттік сатып алу порталына конкурсы жарияланды. Ал Кентау қаласы мен Келес, Бәйдібек аудандарында құжат жағы реттелуде.


Түркістан облысының денсаулық сақтау құрылымында 45 мемлекеттік мекеме, 756 ұйым және 130 жеке меншік мекеме бар. Оның ішінде 36-сы емхана. Облыс бойынша 351 акушер-гинеколог, 252 анестезиолог-реаниматолог, 95 неонатолог, 253 педиатр, 6 балалар кардиохирургы көмек көрсетуде.


Былтыр 43, биыл 34 дәрігер Түркия, Ресей елдерінде біліктілігін арттырды. Кадрлар даярлау бойынша облыс әкімінің қолдауымен өткен жылы бейінді мамандар даярлау үшін резидентураға 60 грант бөлініп, қазіргі таңда 37 үміткер медицина саласы бойынша білімін жетілдіруде. Орта медициналық қызметкерлерді даярлау үшін 650 грант бөлінген болатын. Биыл резидентураға грант 139 грант, орта медициналық қызметкерлерді даярлау үшін 600 грант бөлініп, қазіргі таңда қабылдау комиссиялары жұмыс жасауда.