ТҮРКІСТАН: 50-ге жуық медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны бой көтереді

0
563

49 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы жоспарланған.


ТҮРКІСТАН: 50-ге жуық медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны бой көтереді

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Халыққа сапалы қызмет көрсету, жайлы жағдай жасауға ден қойылған. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша облыста 49 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы жоспарланған. Атап айтқанда, 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт. Түркістан облысының денсаулық сақтау саласын жетілдіру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде баяндалды. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарына жергілікті өндірушілердің материалдарын қолдануды тапсырды.


«Денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарды жандандыру керек. Аурудың алдын алуға мән берілсін. Екіншіден, өңірде құрылысы жүріп жатқан медициналық нысандарға жергілікті өндірушілердің материалдары мен жаһаздарын қолдану керек. Барлығы өзімізде бар. Нысандар сапалы салынуы тиіс», – деді Дархан Сатыбалды.


Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің мәліметінше, бүгінгі таңда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Баққоныс, Төрткөл, Көкпарсай елді мекендерінде 3 ФАП құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, 27 жобаға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржысы қаралып, конкурс жарияланды. Оның 20 жобасына жеңімпаз анықталып, келісімшарт түзілді. Қалған 7 нысан жеңімпазы анықталу үстінде. Сондай-ақ жалпы құны 3156 млн теңгеге 13 жобаның ЖСҚ-сы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, респуликалық бюджетке ұсынылды. Қалған 6 жобаның ЖСҚ-сы мемлекеттік сараптама қарауынан өткізілуде.


Денсаулық сақтау нысандарының күрделі жөндеу жұмыстары бойынша 2023 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жоба аясында Сарыағаш және Жетісай аудандық орталық ауруханаларында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бәйдібек аудандық орталық ауруханасына қарасты «Алғабас» БМСКО нысанына толық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға тапсырылды.