ТҮРКІСТАН: 57 елді мекенге газ тартылады

0
596

103 нысанның құрылысына 16,5 млрд.теңге бөлінді.


ТҮРКІСТАН: 57 елді мекенге газ тартылады

Түркістан облысында 1,5 миллионнан астам халық табиғи газбен қамтылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 1,5 миллионнан астам халық табиғи газбен қамтылған. Биыл 103 нысанның құрылысына 16,5 млрд.теңге бөлінді. 68 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, 122 мыңға жуық тұрғын мекен еткен 57 елді мекенге газ тартылады. Қалған 35 нысанның құрылысы келер жылы аяқталады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сала басшыларымен аймақты газдандыру деңгейін арттыру мен бұл саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Оларды шешу жолдары ұсынылды.


2023 жыл қорытындысымен газ тұтынушылар саны 1 млн. 659 343 абонетке (78,3 %) жетеді. Осылайша өңірдегі 833 елді мекеннің 522-і газбен толық қамтылады. Алдағы 3 жылда қосымша 200 елді мекенді табиғи газға қосып, қамту деңгейі 86,7%-ға жеткізіледі.


Өңірде құрылысы жүргізіліп, бірақ іске қосылмай тұрған газ құбырлары мен газ таратушы станцияларын жөндеп, қайта іске қосу, елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамту жұмыстары жүргізілуде. Басқосуда салаға жауапты мекеме басшылары мен аудан, қала әкімдері осы бағыттағы жұмыстарын баяндады. Облыс әкімі жұмысты жандандыруды, жобаларды қаржыландыруды жүйелеуді жүктеді.


"Стратегиялық тұрғыда маңызды, газдандыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жоспарға сай жұмыс жүргізген жөн. Қараусыз қалған нысандар қайта іске қосылу керек. Газ кіргізу жұмыстарын да мейілінше жылдамдату қажет. Жоспарланған жұмыстар белгіленген мерзімінде аяқталуы тиіс. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдері жұмысты ширату керек. Бүкіл әлемде жыл сайын экологиялық таза энергия ресурстарына, ең алдымен газға сұраныс артып келеді. Инфрақұрылым бойынша әрбір жобаны қатаң қадағалап, соңына дейін жеткізу қажет", – деді Дархан Сатыбалды.


Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен қолға алынған жұмыстар нәтижесінде Жетісай ауданындағы «Жетісай», «Киров» АГТС-терінің құрылыс жұмыстары аяқталып, газға қосылу жұмыстары жүргізілуде. Дәл осы секілді бірнеше ауданда газ таратушы желілерді жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлеккеттік сараптамадан 96 жобаның оң қортындысы алынған. Оларды қайта қалпына келтіруге қаржы қарастырылуда.


Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, Созақ ауданында газдандыру құрылысына бюджеттен 1,5 млрд.тг. бөлініп, 2 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аудан орталығы Шолаққорған елді мекенінің құрылыс жұмыстары биыл аяқталады. Табиғи газ жүйесіне қосылу үшін АГТС бар магистральды газ кұбыры-тармағын толық аяқтауға республикалық бюджеттен 411,1 млн.тг. қаржы бөлу қажет.


Созақ ауданында «АГТС бар магистральды газ кұбыры-тармағын салу» нысанының құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталған. 2023 жылға дейін игерілген қаржы – 2 413,3 млн.тг. Биыл республикалық және облыстық бюджеттен қаралған қаржы – 1 202,7 млн. тг.


Сарыағаш ауданының Жібек Жолы ауыл округіне қарасты елді мекендерді газбен қамтамасыз ету мақсатында 2011-2012 жылдары салынған автоматтандырылған газ реттегіш станциясы анықталған ақаулардан әлі іске қосылмай тұр. Бұл бағыттағы жұмыстар жүргізілуде.


Келес ауданындағы «Ғ.Мұратбаев» газ тарату станциясы 22 елді мекенге газ таратуда. Одан бөлек, аудандағы қосымша 9 елді мекенді газға қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ауданда 51 га құрайтын жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Осыған орай кешенге қажетті газ көлемін жеткізу үшін станса қуаттылығын арттыру қажет. Бұл туралы ГТС-тің теңгерім ұстаушысы - «Интергаз Орталық Азия» АҚ-на ұсыныс берілді.


Облыс табиғи газды 2018 жылға дейін Газли-Шымкент (Өзбекстан) магистралды газ құбырынан тұтынған. 2018 жылдан бастап отандық «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырынан тұтынуда.