ТҮРКІСТАН: 7 ауданның шаруалары Ордабасыда бас қосты

0
159

Биылғы ауа-райының қолайсыздығы диқандарға зиянын тигізбес үшін ағын суды пайдалануда ортақ келісім мен тәртіп маңызды.


ТҮРКІСТАН: 7 ауданның шаруалары Ордабасыда бас қосты

Түркістан облысындағы 7 ауданның шаруалары Ордабасыда бас қосты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Бөген» су қоймасында өткен келелі кеңеске облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов пен облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысты.


Биылғы ауа-райының қолайсыздығы диқандарға зиянын тигізбес үшін ағын суды пайдалануда ортақ келісім мен тәртіп маңызды. Бүгінгі басқосуға жиналғандар осы мәселе төңірегінде ой бөлісіп, пікір алмасты.


Еңбек ардагерлері тәжірбиелерімен бөліссе, мамандар шаруаларды бар суды барынша тиімді пайдалануға шақырды.


«Бөген» су қоймасы арқылы 67,8 мың га жер суғарылса, «Қараспан» су торабы 79 мың гектарға су жеткізуге қабілетті. «Бөген» су қоймасының сыйымдылығы 370 млн. текше метрді құрағанымен, қазіргі таңда жиналған су мөлшері 230,5 млн. м3.


Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов өз кезегінде диқандарға тілектестігін білдіріп, мемлекет тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталды.


Облыс әкімінің орынбасары диқандарға егілген өнім ерекшелігін ескере отырып, кезектілік түзу, бар суды өңірлердегі шаруалармен кеңесе отырып ортақ келісіммен пайдалану қажеттігін түсіндірді.


– Кез-келген бау мен бақша байбаламмен өспейді, бабымен жетіледі. Әйтсе де, ғалымдар су қорының тұрақсыздығынан зардап шекпеу үшін, суды үнемдеу керектігін тұрақты ескертіп келеді. Мемлекет басшысының су үнемдеу технологиясына көшу бойынша берген тапсырмасының түпкі мәні осы, – деді Нұрбол Тұрашбеков өз сөзінде.


Кездесу соңында «Бөген» су қоймасының басында шаруалардың бастамасымен, құрбандық шалынып, ас берілді.

Бөлісу