Қазақстанға жеке жұмыстарымен келген шетелдіктер адамгершілік танытып, барынша көмек көрсеткен полицейлерге алғысын білдірді.
Сарыағаш АПБ Жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция тобының аға қызмет инспекторы, полиция лейтенанты Бақытжан Аханбаев пен қызмет инспекторы, полиция лейтенанты Ерболат Диханбаевтар кешкі уақытта күнделікті жұмыстарын атқарып, қала көшелерін патрульдеу кезінде жол бойында бұзылып тұрған көлікті көріп, тоқтап, жағдай сұрап, көмек көрсеткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сөйлесу барысында «Хундай Грета» маркалы автокөлігінің дөңгелегі тесіліп тұрғаны және жүргізуші, Ресей Федерациясының тұрғыны екені анықталды. Оған қоса, Қазақстан жолдарын дұрыс білмегендіктен «Жетісай-Шымкент» трассасын таппай адасып қалғаны айқындалды.
Осы тұста полицейлер ойламаған жерден қиындыққа тап болған шетелдіктерге көмек қолын созып, автокөліктің техникалық ақауын жөндетіп, тесілген дөңгелегін желімдеу орталығына апарып жаматып береді. Одан бөлек, шетелдік жолаушыларды «Жетісай-Шымкент» трассасына апарып, дұрыс бағытты көрсетіп, шығарып салады.
Өз кезегінде Қазақстанға жеке жұмыстарымен келген шетелдіктер адамгершілік танытып, барынша көмек көрсеткен полицейлерге алғысын білдірді.
«Жолда адасып қалдық, көлігімізде ақаулар пайда болды. Жалпы, тығырыққа тірелдік. Осы сәтте жанымыздан қаншама көліктер зулап өтіп жатты, алайда полицейлердің қызметтік көлігі жай өтіп кетпестен тоқтап, қандай да бір көмек керек пе?-деп сұрап, жанашырлық танытты. Бұл кез-келгеннің қолынан келе бермейтін қайырымды іс. Ризамыз, Қазақстандық полицейлерге»-деп жүрекжарды сөздерін арнап, ризашылықтарын білдірді.
Түркістан облысы полицейлері әрқашанда халыққа жақын қорғаушы, қиын кезде қол ұшын созып көмектесуші, құқықбұзушылықтардың алдын алушы ретіндегі міндеттерін қарқынды іске асыруда. Алдағы уақытта да полицей мен халық арасындағы ашықтық одан әрі нығайып, бұл бағыттағы жұмыстар жандана бермек.