Жалпы құны 255,9 млрд. теңге болатын 40 жоба іске асырылып, 1 353 тұрақты жұмыс орны құрылды.
Түркістан облысындағы арнайы экономикалық аймақты сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағының аумағы 4 414,39 гектарды құрайды. Арнайы экономикалық аймақ 9 қосалқы аймақтан тұрады. Бүгінгі таңда «Turan» АЭА аумағында жалпы құны 1 061,16 млрд теңгеге 12 713 жұмыс орнын құрайтын 189 жоба тіркелген. Оның ішінде, жалпы құны 255,9 млрд. теңге болатын 40 жоба іске асырылып, 1 353 тұрақты жұмыс орны құрылды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің төрағалығымен «Turan» арнайы экономикалық аймағындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған мәжіліс өтті. Күн тәртібінде арнайы экономикалық аймақтағы инфрақұрылымның жай-күйі, инженерлік-коммуникациялық жүйелермен қамту, жер телімдерін рәсімдеу, жұмыс қарқынына қатысты кезек күттірмейтін мәселелер ортаға салынып, шешу жолдары қаралды.
Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға «Turan» АЭА-ның инженерлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстарды сапалы әрі уақытында атқаруды, инвестициялық жобалардың іске асуын тұрақты бақылауға алуды тапсырды. Бюрократиялық кедергілерді азайтып, рұқсат құжаттарын жедел рәсімдеу жолдарын қарастыруды жүктеді. АЭА аумағында жұмыс істеп жатқан және жоспарланған жобалар бойынша ай сайынғы мониторинг жүргізуді міндеттеді.
Мәжілісте облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының м.а. Қанат Шонбасов арнайы аймақтардың жай-күйін баяндап, өзекті мәселелерге тоқталды. Шешу жолдары қаралып, ұсыныстар айтылды.
Жиын соңында Талғат Қозбеков бұл аймақтар Түркістан өңірінің экономикалық дамуының драйверіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Әрбір жауапты мекемеден өз міндетін сапалы әрі уақытылы атқаруын талап етіп, жұмыс барысы тікелей облыс әкімінің бақылауында екенін айтты.