Кәмелетке толмағандардың жаппай болатын орындарына тексерістер жүргізілді.
фото: ашық дереккөзден алынды
Түркістан облысы полицейлері түнгі рейдке шығып, түрлі құқыбұзушылықтар бойынша 100-ден астам хаттама толтырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Арыс АПБ-нің бастығы полиция полковнигі Н.Исабековтың бастамасымен Арыс АПБ-нің ЖПҚ қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмау, олардың беймезгіл уақытта жүруінің алдын алу мақсатында желтоқсан айының 4-і мен 7-сі аралығында тексеру жұмыстарын жүргізді.
Түнгі рейд барысында полицейлер кәмелетке толмағандардың жаппай болатын орындарын тексеріп, қала көшелерін аралап, оларға келушілердің жасына ерекше көңіл бөлді. Рейдке шыққан полицейлер кәмелет жасына толмағандардың сағат 23:00-ден кейін ойын-сауық орталықтарында заңды өкілдерінсіз жүрмеуін қадағалады.
Арыс ауданы және Арыс қаласы көлемінде орналасқан ойын-сауық орталықтары және тағы басқа да адам көп шоғырланатын орындарға білім беру бөлімдерінің қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс атқарды. Іс-шара аясында Арыс қаласында орналасқан 9 мейрамхана және 7 ойынхана, 2 ойын-сауық орталықтары тексерілді. Түнгі сағат 23:00-ден кейін ата-анасының қарауынсыз жүргені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабымен 15 хаттама толтырылды. Одан бөлек, жол қозғалысы бойынша 66 хаттама, нөлдік төзімділік бойынша 23 хаттама толтырды.
Осылайша, полицейлер тарапынан іске асырылған тексеру жұмыстарында біршама олқылықтар анықталып, мұндай жағдайлардың қайталанбауы жасөспірімдерге, түрлі ойын-сауық орталықтарының иелеріне яғни жеке кәсіпкерлерге ескертіліп, түсіндірілді. Сонымен қатар, ювеналды полиция инспекторлары жастар және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелесулер өткізіліп, тиісті кеңестер беріліп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының ережелерін түсіндірілді.