ТҮРКІСТАН: Арыста 2 автоматтандырылған өлшеу бекеті іске қосылды

0
108

Заңға сәйкес, ауыр жүк көліктерінің әрбір осіне 8 тоннадан артық жүк артуға тыйым салынған.


ТҮРКІСТАН: Арыста 2 автоматтандырылған өлшеу бекеті іске қосылды

Арыста 2 автоматтандырылған өлшеу бекеті іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында жол сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, облыс аумағында жолдарды қайта құру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Алайда ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк артып қозғалуы салдарынан жаңадан салынған жолдар зақымданып, олардың мерзімінен бұрын тозуына әкеліп соғуда.


Заңға сәйкес, ауыр жүк көліктерінің әрбір осіне 8 тоннадан артық жүк артуға тыйым салынған. Алайда, кейбір көліктер 20-25 тоннаға дейін артық жүк артып, жолдарды зақымдауда. Осы мәселені шешу мақсатында Түркістан облысында 7 жерде арнайы өлшеу бекеттерін орнату жоспарланған. Қазіргі таңда Арыс қаласындағы Арыс – Темірлан, Арыс – Қабылсай бағытындағы жолдарға автоматтандырылған өлшеу бекеттері орнатылып, жұмысын бастады.


Бұл бекеттер жүк көліктерінің салмағын автоматты түрде өлшеп, заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтайды. Бүгінде орнатылған екі өлшеу бекеті арқылы ауыр жүк көліктерінің 1820 әкімшілік құқық бұзушылық жағдайы анықталды.


Ауыр жүк көліктеріне салынған айыппұлдарға байланысты жүргізушілер тарапынан келіспеушіліктер туындауына байланысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Арыс қаласына арнайы іссапармен барып, жағдайды бақылауға алды. Тиісті мекемелермен бірлесіп зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Қараша айының соңында зертханалық сараптама нәтижелері жарияланатын болады.

Бөлісу