Жаңа жылдық кеш «Мейірімділік нұры» акциясы шеңберінде өткізілді.
Түркістан облысы, Арыс қаласында Арыс қаласындағы «Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының» жасөспірімдерімен «Қош келдің, Жаңа жыл!» мерекелік шарасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған мерекелік кеш ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен құрылған «Мейірімділік нұры» акциясы шеңберінде ұйымдастырылды.
Мерекелік шараның негізгі мақсаты - балаларды шаттық шуағына бөлеп, көтеріңкі-күйге кенелту және айрықша көңіл бөлу арқылы олардың өмірге деген ынта-жігерін арттыру.
Жаңа жылдық шыршаның шамы жағылған көңілді кеште Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев сөз алып, балалар ауылының тәрбиеленушілеріне жүрек жарды ыстық лебізін білдірді.
Ізгілікке толы мерекелік шарада талантты балалар үздік сахналық қойылымдарын қойып, мазмұнға толы жыр-дестелерін оқыды. Бұлбұл дауысты бүлдіршіндер әуелете ән салып, қырмызы қыздар мың бұрала би биледі.
Шаттыққа толы шара барысында шат-шадыман күй кешкен балақайлар Өскемен қаласында орналасқан «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілерімен телеэкран арқылы тікелей байланысқа шығып, айтулы мерекемен құттықтауға және ақжолтай тілектері мен ыстық ықыластарын білдіруге мүмкіндік алды.
Сондай-ақ, «Үміт» балалар үйінің түлектері мерекелік шараға арнайы қонақ болып, бүлдіршіндерге арнайы жаңа жылдық тосын сыйын тарту етті.
Безендірілген биік шыршаны айнала билеген балғындар Аяз ата қоржынынан дәм татып, есте қалар ғажайып сәттің куәсі болды.
Айта кетсек, қыркүйек айынан бастап 62-жеткіншекті өз қамқорлығына алған Департамент қызметкерлері қоғамның құнды бөлшегі - балаларға тәтті сыйлықтарын үлестіріп, оларды әркез қолдауға дайын екендіктерін жеткізді.