ТҮРКІСТАН: Арыста тағы бір шағынауданға газ берілді

0
486

Енді дербес шоттарын әзірлеп, техникалық шарт жасасқан тұрғындар кезең-кезеңімен газ жүйесіне қосыла береді.


ТҮРКІСТАН: Арыста тағы бір шағынауданға газ берілді

Арыстағы «Барыс» шағынауданының тұрғындары көгілдір отынмен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыс қаласына қарасты «Барыс» шағынауданының тұрғындары көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Табиғи газға қосылу – көпшіліктің көптен күткен қуанышы болатын. Шаһардың шеткі аумағында орналасқан аймаққа табиғи газ беріліп, елдің тұрмысы жайлана түсті. Енді дербес шоттарын әзірлеп, техникалық шарт жасасқан тұрғындар кезең-кезеңімен газ жүйесіне қосыла береді.


Қала басшысы осы шағынауданда тұратын, сексенге келген қария Арысбек Баймұратовтің шаңырағында болды. Ақсақалдың әулеті табиғи газды үйіне кіргізген алғашқылардың бірі. Шаһар басшысы ақсақалмен сәлемдесіп, шаңырағынан жылулық кетпесін деп тілек білдірді. Өткен аптада №6 Газ тарату пунктіне қарайтын құбырларға табиғи газ беріліп, «Сырдария», «ШПЗ», «Почтовый» секілді бірнеше тұрғын аудан көгілдір отынның игілігін көруге мүмкіндік алды.


Бүгін осы орайда қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, Ардагерлер кеңесі төрағасы Тәңірберген Әсіл және ауыл ақсақалдары «Почтовый» тұрғын ауданы, М.Мақатаев көшесінде тұратын, үйіне алғашқылардың бірі болып газ кіргізген Алдабековтер шаңырағына барып, қуанышына ортақтасты.


Тұрғындар да тарихи сәттің куәсі болғанына қуанып, пікірін білдірді. Бүгінге дейін көмір жағып, күл тасып шаршаған олар биылғы қысты жайдары көңілмен қарсы аламыз деп отыр.


Айта кетейік, жуық арада «Стадион» тұрғын ауданы газға қосылуға мүмкіндік алады. Тиісінше, аталған аудан тұрғындары құжаттарды рәсімдеу, үйге дейінгі монтаждау жұмыстарын жасап, қамдануы керек. Ал қала орталығы жыл соңына дейін газға қосылады деп күтілуде.