ТҮРКІСТАН: Арыстық теміржолшылар ағаш отырғызды

0
65

Қазақстан темір жолының мерейтойымен тұспа-тұс ұйымдастырылды.


ТҮРКІСТАН: Арыстық теміржолшылар ағаш отырғызды

Арыста теміржолшылар «Таза Қазақстан» акциясы аясында 120 түп ағаш отырғызды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыс қаласында теміржол саласы қызметкерлері «Тaza Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында кең көлемді іс-шара өткізді.


Табиғатты қорғау мен қаланы көгалдандыруды мақсат еткен бұл игі бастама биыл 120 жылдығын атап өтіп отырған Қазақстан темір жолының мерейтойымен тұспа-тұс ұйымдастырылды.


Шараға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, Шымкент магистральдық желі бөлімшесі директорының орынбасары Жомарт Мырзабеков, өңірдің теміржолшы ардагерлері мен Арыс қаласында орналасқан ондаған теміржол мекемелерінің 150-ге жуық қызметкерлері қатысты.


Қатысушылар қаладағы Дендросаябақ аумағына 120 түп ағаш көшетін отырғызды. Бұл – теміржол саласының 120 жылдық тарихына тағзым әрі келешек ұрпаққа жасыл мұра қалдырудың нақты көрінісі болды.


Қала әкімі Қайсар Маңқараев қатысушыларға алғысын білдіріп, теміржолшылардың еңбегін жоғары бағалады.


Іс-шара Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі ұжымынан экологиялық эстафета ретінде қабылданған «Тaza Қазақстан» челленджі аясында өтті. Өңір теміржолшылары бұл бастаманы лайықты түрде жалғастырып, табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны сақтау – әр азаматтың ортақ борышы екенін атап өтті. Сондай-ақ олар экологиялық мәдениетті қалыптастыру ісінде жастардың белсенді болуы қажет екенін айтып, келешек ұрпақты осы ізгі істі жалғастыруға шақырды.

Бөлісу