ТҮРКІСТАН: Арыстықтарға берілетін 100 мың теңге қашан аударылатыны белгілі болды

0
1 037

Бүгінге дейін азаматтардың 85 пайызы өз төлем карточкаларын алған.


ТҮРКІСТАН: Арыстықтарға берілетін 100 мың теңге қашан аударылатыны белгілі болды

Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен аппарат жиыны өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Басқосуға Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму Бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев және аумақтық департаменттер басшылары мен Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстарына жауапты еліміздің барлық облыстарынан келген өкілдер қатысты. Онда үстіміздегі жылдың 24 маусым күні Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайдан бүлінген тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен жолдарда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары және кәсіпкерлер мен тұрғындарға көрсетіліп жатқан көмектердің жай-күйі талқыланды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму Бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың сөзінше, Арыс қаласындағы 8634 тұрғын үйдің 7197-сіне төтенше жағдай кезінде зақым келген. Бүгінге дейін оның 6924-інде жөндеу жұмыстары аяқталған. Ал қалған үлердің құрылысы осы айда бітеді деп жоспарлануда.

Ал, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-на жүктелген әлеуметтік нысандардың бүгінге дейін 15-інің құрылысы аяқталып тапсырылған. Аталған қордың басқарма басшысының орынбасары Арман Жетпісбаев қалған нысандардың жөндеу жұмыстары тамыз айының соңына дейін түгел аяқталатынын айтты.

Жалпы жоспар бойынша Арыс қаласындағы 62 көше жөндеуден өтетін болса, қазір 45 көшеде құрылыс жұмыстары жүруде. Бүгінге дейін 6-уы ел игілігіне тапсырылып, тағы 10 көшенің жұмысы толық аяқталу алдында тұр. Қалада 26 аялдаманың 6-уы заманауи аялдамаларға ауыстырылды. Анықтау жұмыстарының нәтижесінде қосымша жаңадан 8 аялдама қою қажеттігі белгілі болған.

Сондай-ақ, жиын барысында төтенше жағдай кезінде шығынға батқан бизнес өкілдеріне де тиісті көмектер беріліп жатқаны мәлім болды. Мәселен қаладағы 536 кәсіпкерлік нысанның 509-на жарылыс кезінде материалдық шығын келген. Оларға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тарапынан қаржылай қолдаулар және 6 мыңнан астам әртүрлі көмектер көрсетілген.

Одан бөлек, төтенше жағдайдан зардап шеккен арыстықтарға бір реттік өтемақы төлеу мақсатында 57 мыңнан астам тұрғынның мекен-жайы анықталған. 18 жастан асқан азаматтардың төлем карточкалары түгел дайындалып, 5 тамыздан бастап таратыла бастаған. Бүгінге дейін азаматтардың 85 пайызы өз төлем карточкаларын алған. Қалған тұрғындар 9 және 15 секторларда орналасқан мектеп пен балабақшадан барып алуға болады. Карточкалар толығымен таратылып болған соң, тиісті қаржы аударылады.

Атқарылған жұмыстармен танысып шыққан аймақ басшысы әлі де жұмысты ширата түсу керектігін айтты. Жауаптыларға бірінші кезекте құрылыс жұмыстарын қажет ететін тұрғын үйлердің мәселесін тездетіп шешуді тапсырды. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандар мен жолдардың құрылыс жұмыстары және тұрғындар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін көмектер жоспарға сай дер кезінде көрсетілуі керек екенін ескертті.