Байқауға 235 бала қатысып, байқау финалына 18 қатысушы жолдама алған болатын.
Астанада «Бала жазған ертегі» кітабының тұсаукесері өтті , деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Бала жазған ертегі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Таныстырылымға Оқу-ағарту министрлігі жанындағы тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Рысбек Летаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Жаңа кітаптың тұсауын ақын Серікбол Хасан және ҚР Парламент сенатының депутаты Әлішер Сатыбалдиев кесті.
Республикалық «Ақылдым» балалар журналының редакторы, «Серпіліс» қоғамдық қорының төрайымы Бейсенкүл Нарымбетова қорытынды сөз алып, балалар әдебиетін және балалар газет-журналдарын дамытудың маңыздылығына тоқтала кетті.
Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысында өткен «Ақылды балаға сыйлыққа – Ақылдым» облыстық байқауына облыс бойынша аталған байқауға 235 бала қатысып, байқау финалына 18 қатысушы жолдама алған болатын.