ТҮРКІСТАН: «Балауса балғын балалық шағым» атты мерекелік іс-шарасы өтті

0
711

Әкім арнайы қатысып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.


ТҮРКІСТАН: «Балауса балғын балалық шағым» атты мерекелік іс-шарасы өтті

Келес ауданында «Балауса балғын балалық шағым» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Келес ауданында 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Балауса балғын балалық шағым» атты мерекелік іс-шара өтті. Аудан орталығындағы Жеңіс саябағында өткен мерекелік шараға Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев арнайы қатысып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.


«Балаларды қорғау күні – әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын мейрам ғана емес, кішкентай балалардың құқығын қорғап, оларға қамқор болуға үндейтін мереке. Сондықтан бала қуанышын бағына балаған ата-ана үшін де, бар тілегі мен елдік мұратын балалармен байланыстырған мемлекет үшін де бұл мерекенің маңызы мен мағынасы зор. Халқымызда «Адам ұрпағымен мың жасайды» - деген қанатты сөз бар. Өсіп келе жатқан балаларымыз жақсы білім алып, келешекке нық қадам бассын. Бұған елімізде барлық мүмкіндік бар. Сендер дамыған, байтақ елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Зерделі де зерек, білімді де білікті болыңдар. Жасампаз істердің барлығы сендердің жарқын болашақтарың үшін жасалып жатыр», - деген аудан басшысы Ақментай Үсенұлы бүлдіршіндерге бейбіт өмір, бақытты балалық шақ тіледі.


Мерекелік шараға аудан аумағындағы мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер ата-аналарымен қатысты. Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы да аталған шараға қатысып, өз ізгі тілектерін жеткізді. Мерекелік шара соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Сонымен қатар, жас бүлдіршіндер өздері білетін әуендерді шырқап, мерекелік көңіл-күйге бөленді.