ТҮРКІСТАН: Боранда адасып қалған 3 ауыр жүк көлігінің жүргізушілері құтқарылды

0
913

Адасып қалған үш ер азамат құтқарушыларға шексіз алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.


ТҮРКІСТАН: Боранда адасып қалған 3 ауыр жүк көлігінің жүргізушілері құтқарылды

иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

Ақтүтек боранда адасып қалған 3 жүргізуші бірнеше тәуліктен соң табылды. Созақ АПБ-не 26 қаңтар күні Шымкент қаласының тұрғыны хабарласып, Қарағандыдан Түркістан облысы арқылы ауыр жүк көлігімен келе жатқан ағасымен хабарласа алмай, байланыс жоғалтқандығын айтып арызданған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Созақ АПБ-нің полицейлері арызды қабылдап, бірден іздестіру жұмыстарына кіріседі. Арызданған азаматтың ағасымен бірге тағы да ауыр жүк көліктерімен жолға шыққан екі ер азаматтың бар екендігі де белгілі болады.

Созақ АПБ-нің полиция қызметкерлері ауа райының күрт нашарлағандығын ескере отырып, Төтенше жағдайлар қызметінің қызметкері, ерікті деген жергілікті тұрғындармен жол талғамайтын көліктерге мініп, боранды күні адасып қалған жүргізушілерді іздеп табуға жолға шығады.
Осылайша тиянақты жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 3 ауыр жүк көлігінің жүргізушілері Созақ ауданының Бетпақдаласынан табылды. Белгілі болғандай олар Қарағандыдан Созақтағы төте жолдар арқылы Шымкенттегі үйлеріне уақыт үнемдеп тезірек жетпекші болған.
Алайда ауа-райы өзгеріп, қалыңдап жауған қар мен ақ түтік боранның әсерінен келе жатқан жолдарынан адасып, көліктерімен омбы қарға батып қалған. Көмекке келген полиция қызметкерлері жолға шығардан бұрын жүк көліктеріне керекті 400 литрдей дизель жанармайы және азық-түліктермен қамданып алған болатын.
Жүргізушілер табыла салысымен оларға азықтар үлестіріліп, қажетті деген көмектер көрсетілді. Үш жүк көлігіне де қажетінше жанармай құйылып, жолға шығуға дайын болды.
Өз кезегінде аязда адасып қалған үш ер азамат та шексіз алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.