ТҮРКІСТАН: Д.Сатыбалды жемқорлыққа қарсы жоспар әзірлеуді тапсырды

0
525

Бақылау жүргізу және талдамалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.


ТҮРКІСТАН: Д.Сатыбалды жемқорлыққа қарсы жоспар әзірлеуді тапсырды

Дархан Сатыбалды жемқорлықты жүйелі негізде жою жөнінде жоспар әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Әдеп кодексінің нормаларын сақтау, мемлекеттік қызметтердің сапасы және сыбайлас жемқорлықтың ахуалы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжіліс отырысында талқыланды.


Облыстағы мемлекеттік қызметтің жағдайына жасалған талдаудың қорытындысы мемлекеттік қызметтегі тұрақтылықты көрсеткен. Отырыста мемлекеттік органдардың «Е-қызмет» жүйесін тиімді пайдалануы жайлы айтылды. Электронды түрде қызмет ұсынудың көрсеткіші 96 % -ға жеткен. Облыста сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға күш салынған. Сондай-ақ Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік мүлікті тек нысаналы мақсатта пайдаланылуы ескертілді. Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуы мен мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына бақылау жүргізу және талдамалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.


Облыста «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер» картасы әзірленіп, онда білім беру, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, әлеуметтік қолдау және медицина салалары енгізілген. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов өз баяндамасында әрбір мемлекеттік орган басшысы өз ұжымында сыбайлас жемқорлықтың алдын - алу бағытында тұрақты түрде түрлі шараларды қабылдап отыруы міндетті екенін атап өтті. Сондықтан парақорлық пен жасырын коррупция схемаларының тамырын түбінен шабатын пәрменді шараларды қолдану керектігін айтты.


«Жемқорлық тәуекелдерін әрбір мекеме өздері ішкі талдау жасау арқылы, ешбір қиындықсыз анықтай алады. Мұндай тәсіл алдын-ала жұмыс істеу арқылы, тиімді әрекет етуге бағыттайды. Жемқорлыққа қарсы күрестің және басшылардың тиімділігін осы жұмыс призмасы арқылы бағалау артып келе жатыр», – деді ол.


Мемлекеттік қызметшілердің қызметте және қызметтен тыс уақыттағы негізгі мінез-құлық қағидалары Әдеп кодексінде айқындалған. Басқосуда мемлекеттік қызметшілердің негізгі мінез-құлық стандарттарының айқындалуы, яғни адамгершілік, мораль сынды адами қасиеттер жемқорлыққа қарсы іс қимыл мәселесінде де маңызды фактор бола алатыны айтылды. Әдеп нормаларының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп тұрады. Жұмыс нәтижесін облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Мақсат Исаев баяндады. Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасын табатын болады.


Жиынды қорытындылаған облыс әкімі сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын жағдайларға сапалы талдау жасауды тапсырды. Орын алған жайтпен емес, қылмысты болдырмаудың жолдарын тауып, осы бағыттағы жұмысты күшейтуді жүктеді.


«Мемлекеттік аппаратты жаңғыртып, бюрократиядан барынша арылту үшін жүйелі жұмыстарды жалғастыруымыз қажет. Біз қоғамның барлық өкілдерінің талап-тілектеріне жауап беретін озық мемлекетті құру жолындамыз. Осыған орай, басқару жүйесінің тиімділігі жұмыстың барысымен емес, түпкі нәтижемен өлшенетін болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күресу – біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі. Нағыз құқықтық мемлекет құру үшін ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Бұл бағытта жемқорлықты жүйелі негізде жою жөнінде жоспар әзірлеуді тапсырамын», – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.