Базардың 300 микроклиматтық қоймасы бар.
Түркістандағы "Экобазар" өндіруші мен тұтынушыны тікелей байланыстырады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласындағы заманауи «Экобазар» жуырда толық іске қосылады. Осыған орай, бүгін өңірдегі БАҚ өкілдерін жаңа сауда орталығының тыныс-тіршілігімен таныстыру мақсатында арнайы баспасөз-тур ұйымдастырылды. Тур аясында кешеннің барлық мүмкіндіктері, ондағы автобекет, сауда бөлімдері, микроклиматтық қоймалар мен фудкорт таныстырылды. 14 гектар аумақта орналасқан базарда 3000-ға жуық сауда орны бар. Оның ішінде 900 орын – азық-түлікке, 1500 орын – киім-кешекке, 500 орын – тұрмыстық тұтыну тауарларына арналған. Сондай-ақ, жиһаздарға 1000 шаршы метр орын дайындалған.
Базардың бас директоры Бақнұр Аюбек жуырда сауда жасаушылар саны арта түседі деген пікірде. Сауда орталығының артықшылықтарын баяндаған ол, кәсіпкерлер үшін «Яссы бизнес» бағдарламасы арқылы 4 пайызбен 5 жылға 60 миллион теңгеге дейін кепілдік арқылы несие беру жоспарланғанын жеткізді.
Айта кетейік, базар аймағында тауар сақтауға арналған 300 микроклиматтық қойма орналасқан. Бұдан бөлек «Grand Bazar Yassy & EcoBazar» кешені келушілерге қонақ үй, демалатын орындар, ойын-сауық кешендері мен фудкортты ұсынады. Көтерме бағадағы базардың ерекшелігі - диқандар өндірген өнімдерін жылдам саудалауға, азық-түліктің сапасын сақтауға, тасымал шығынын азайтуға мүмкіндік алып отыр. Тиісінше, сатушы мен тұтынушы арасындағы делдалсыз сауданың тиімділігі тұрғындар үшін қолайлы болары анық.