ТҮРКІСТАН: «Экс-полицей екі адамды атып, қашып кетті»

0
978

«30-40 жастағы ағайындылар 2000 жылғы бозбалаларға оқ атып, жаралы күйінде сабаған, қарап тұрған».


ТҮРКІСТАН: «Экс-полицей екі адамды атып, қашып кетті»

фото Күлтегін Аспанұлының парақшасынан

Түркістан облысында «экс-полицей екі адамды атып, қашып кетті» деген ақпарат тарады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы белгілі журналист, қоғам белсендісі Күлтегін Аспанұлы әлеуметтік желіге «ҚАЗАҚСТАНДА ПОЛИЦИЯ МЕН МЕДИЦИНАҒА КҮНІҢ ТҮСПЕСІН» деген тақырыппен жазба жариялады.


«Ауылда інім мен досын айдың күннің аманында ай-шай жоқ атып-сабап кетіпті. Ауруханада қабылдамай жатыр екен. Жергілікті құзырлы-сала мекемелері енжарлық танытып жатыр екен. Қысқасы былай. Бүгін түсте Түркістан облысының Ордабасы ауданында бір топ ересек адамдар менің інім мен досын атқан екен. Кім деймісіз? Экс-полицей Талғат Кенжебеков Әділұлы және оқиға орнында ағасы (@Арыс қалалық мәслихат депутаты) Асхат Кенжебеков Әділұлы, оның бауыры Қанат Кенжебеков Әділұлы т.б. 30-40 жастағы ағайындылар 2000-ыншы жылғы бозбалаларға оқ атып, жаралы күйінде сабаған, қарап тұрған. Мылтық атқаны – Талғат Кенжебеков, қылмысты жасарын жасап, қашып кеткен, қазір іздеуде. Ағасы оған «ат, атпасаң өзің атам» деген. Бағдат деген тағы біреуі ұрып-соққан. Бәрі оқиға орнында болған. Депутат ағасы қолына мылтық ұстаған мас інісін неге тоқтатпады? Таяққа жыққандарға көз жұма қарағаны қалай? Бесатар бытырамен атқан. Депутат Асхат Кенжебековтің негізгі қызметі – мемлекеттік мекемеде, «Ұлттық және жекпе-жек спорт түрлері, аула клубы» КММ директорының орынбасары» - делінген оның жазбасында.

Оның айтуынша жәбірленушілер 9 мамыр күні сағат 13:30 шамасында Арыс қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Тұрғылықты мекен-жайы және оқиға орны Ордабасы ауданы болғандықтан, аудандық ауруханаға жіберген.


Сөйтіп, сағат 17:00 шамасында Ордабасы аудандық аураханасына алып барса, екі баланың ахуалына салғырт қараған медицина қызметкерлері ауруханаға жатқызудан бас тартыпты. Олардың біріне 30-35, екіншісіне ондаған бытыра тиген екен.


«Сағат 20:30-ға дейін інімнің әкесіне «балаңызды палатаға қабылдамаймыз, оқтарды алу қиын, іріңдеген соң шығады» депті. Алдында 3 сағат жатқан, денесінде ондаған оғы бар пациентті неге дереу аураханаға жатқызбады? Меніңше, депутат ағасы Асхат Кенжебек және полициядағы ағасы Тұрманхан Кенжебеков ықпалы болған. Дәрігер неге ақымақ әрекетке барып отыр, қысымнан я ауызбастырықтан не салғырттық. Мен сағат 20:30-да хабардар болған бойда облыстық Полиция департаменті мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына байланысуға тырыстым. Ешқандай нәтиже болмады. Сағат 20:53-те Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мамандарына өңірдегі басқарма қызметкерінің жеке нөмірін беруді, жағдайға түсініктеме беруді сұрап шықтым. Содан кейін ғана жағдай ақырындап реттеле бастағандай. Ойлаңызшы, азаматтық құқыққа қол жеткізу үшін үкімет деңгейінде дабыл қағу керек, абсурд» - дейді Күлтегін Аспанұлы.


Қоғам белсендісінің сөзіне сүйенсек, Арыс қаласында түсініктеме алған полицейлер арызды тіркеп, қаулы бермеген, СДТБТ (ЕРДР) тіркеу нөмірімен, ешқандай құжатпен таныстырмаған.


«Жәбірленуші өкілдері соны сұрап әрі аудандық полицейлер бақылауына өткендіктен, Ордабасы АПБ қызметкерлеріне 3 мәрте 102 нөміріне хабарласқан. Алайда 102 қызметкерлері «2 минутта барады» деген өтірік жауаппен мүлде келмеген. АПБ (РОВД) қызметкері хабарласып, РОВД ғимаратына шақырған. Ауруханада үсті-басы қан, оқ жарақатымен арбада отырған адам қалай барсын? Қып-қызыл бейрационал, ессіз шақырту. Ордабасы аудандық Полиция бөліміне сағат 18:25 (3 мин 32 сек сөйлескен), 19:17 (46 сек) және 19:35 (32 сек) 3 рет қоңырау шалып, полиция шақыртылды. Бәрінде әні-міне барады деп алдап соқты. Ешкім келмеді. Керісінше жаралы балаңмен бөлімге кел деген. Аудандық және облыстық полициядан мардымды жауап болмағасын ІІМ баспасөз қызметіне Альбина Махамбетова Сайдғалиқызына хабарласуға тура келді. Содан кейін ғана Түркістан облысының Полиция департаментінен Гүлнар Абдархманқызы және аудандық Ордабасы ауданы Полиция бөлімі басшысы Ғалымжан Қуашбаев Саттарұлы байланысқа шықты. Саттарұлы мылтық атқан күдікті Талғат Кенжебековке іздеу жарияланғанын, таңға дейін табуға тырысатынын, оның бұрын полицей қызметкері болғанын жеткізді. Сондай-ақ өз қарамағындағы қызметкерлердің салғырттығына қызметтік тексеріс жүргізуге сөз беріп, сырғытпа жауап алдық. Полиция бөліміне шақыртып алып, тергеуші жәбірленушінің ата-анасын ішке кіргізбей қиғылық салды. Ал ғимараттың ішінде қылмыс орнында болған депутат Асхат Кенжебеков полиция ғимаратына кіріп-шығып емін-еркін жүр. Көздегені ауызбастырық па әлде ауыз жаласу, пәрелеу ме Құдайға ғана аян», - делінген аталған жазбада.


Күлтегін Аспанұлының сөзіне сүйенсек, қылмыстық іс ашылған. Ордабасы АПБ басшысы Ғалымжан Саттарұлының айтуынша, іс ҚР ҚК 293-бабымен, яғни «Бұзақылық» айыбымен ғана қозғалған екен.


Осы орайда, жағдайдың анық-қанығына көз жеткізу үшін облыстық полиция департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне хабарластық.


Денсаулық сақтау басқармасы өкілінің айтуынша, бытырамен атылған екі науқасқа алғашқы көмек көрсетіліп, Ордабасы аудандық орталық ауруханасының хирургия бөліміне жатқызылған. Жағдайлары тұрақты көрінеді. Демек, бұл оқиғаның орын алғаны және екі азаматқа оқ атылғаны рас.


Ал, облыстық полиция департаментінің өкілі алғашқыда телефон тұтқасын алып, «ақпаратты электрондық поштаға жіберемін» дегенімен, ресми мәліметті әлі де жолдаған жоқ. Қайтадан қоңырау шалсақ тұтқаны көтермейді, әлеуметтік желіден жазсақ, жауап бермейді.