ТҮРКІСТАН: Ерлікпен қаза тапқан полицей атындағы кадет сыныбы ашылды

0
515

«Пәтерде төбелес болып жатыр» деген шақыру бойынша оқиға орнына шығып, аса қауіпті қылмыскерлер қолынан оққа ұшып, қаза болған.


ТҮРКІСТАН: Ерлікпен қаза тапқан полицей атындағы кадет сыныбы ашылды

Түркістан облысында ерлікпен қаза тапқан полицейдің атына арналған кадет сыныбы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Отан қорғау ісінде ардагерлерімізді үлгі тұтып, намыс туын әрдайым жоғары ұстау міндетіміз. Осы бағытта Түркістан облысы Кентау қаласындағы Ә.Молдағулова атындағы №19 мектеп-лицейінде қызмет бабында қайтыс болған Рысбай Құдайбергенұлының есіміне «Кадет сыныбы» ашылды.


Сыныптың ашылу рәсіміне Полиция Департаментінің Тәрбие және кадр саясаты басқармасының бастығы М.Асқаров,Кентау қаласы әкімінің орынбасарыҒ.Тулепов, полиция полковнигі С.Үсіпбеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Танкибаев пен Рысбай Құдайбергенұлының жұбайы Дариға анамыз қатысты.


Тәлім-тәрбиесі, мақсаты ауқымды шарада бейбіт өмір жолында қылмыскерлер қолынан қаза болған полицей Рысбай Құдайбергенұлының өмір жолы, ерлігі, қызмет атқарған жылдары туралы деректер айтылды. Ал кадет сыныбының алғашқы 32 мүшесі өз Отанының қорғаушысы болуға, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытуға, Қазақстан жастары үшін нағыз ерліктің шынайы үлгісі болуға ант берді.


Өз кезегінде жұлдызы ерте сөнген полицейдің ошағын сөндірмей отырған Дариға анамыз, асыл жарын ұмытпай үнемі жастарға дәріптеп, үлгі етіп отырған әріптестеріне алғысын білдірді.


Айта кетейік Рысбай Құдайбергенұлы «Совет милициясының үздігі», «Қылмысты іздестіру қызметінің таңдаулы инспекторы» төс белгілерін кеудесіне таққан. Ол 1984 жылдың 9 шілдесінде сағат 23:00 шамасында «пәтерде төбелес болып жатыр» деген шақыру бойынша оқиға орнына шығып, осы операция барысында аса қауіпті қылмыскерлер қолынан оққа ұшып, қаза болған.


Қазіргі таңда Кентау қаласында ержүрек полицейдің атына кадет сыныбынан бөлекбір көше беріліп, ескерткіш тақта орнатылған.