Түркістан қаласындағы мәселелер шешімін тауып жатыр

0
699

Әкімнің халықпен кездесуі нәтижесінде берілген тапсырмалардың орындалуы 90 пайыздан асты.


Түркістан қаласындағы мәселелер шешімін тауып жатыр

Түркістан қаласы тұрғындарының мәселелері шешімін тауып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тұрғындармен кездесуі барысында көтерілген мәселелер мен түскен өтініштердің заңға сәйкес жүзеге асырылуы бойынша Түркістанда тиісті жұмыстар жүруде.


Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков «Яссы» мен «Отырар» секторын аралап, Саққорған, Аралбай батыр, Гаухар ана, Мәдениет, Т.Бокин көшесінің және «Отырар» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлердің тұрғындарымен кездесті.


Өткен жылы облыс орталығында бірқатар тірліктер атқарылып, тұрғындардың өтініші негізінде жүйелі жұмыстар жүрді. Барлық ұсыныстардың заңдылығы зерделеніп, тапсырма-жоспар бекітілді.


Әкімнің халықпен кездесуі нәтижесінде берілген тапсырмалардың орындалуы 90 пайыздан асты. Дегенмен, қала басшысы бүгінгі кездесу барысында атқарылған жұмыстарға емес, жоспарлармен бөлісіп, тұрғындардың пікірін тыңдады.


Облыс орталығының шеткі аумақтарында да қордаланған мәселелер жеткілікті. Электр қуатымен қамтамасыз ету, жол сапасын жақсарту, балалар алаңшасын салу, интернет желісінің жылдамдығын арттыру, мектеп құрылысын жүргізу жөнінде айтылған өтініштерге қатысты Нұрбол Әбдісаттарұлы жауап берді.


«Барлық мәселелерді бірден шешу мүмкін емес. Қаржы қажет ететін мәселелерді кезеңімен, кезегімен атқарамыз. Бұл өтініштеріңіздің аяқсыз қалғанын білдірмейді. Тек уақыт қажет етеді. Қазірдің өзінде бірқатар жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, республикалық, облыстық, қалалық бюджеттік комиссияларға ұсынылды. Қолдау тапқан жағдайда, биыл жыл соңына дейін тағы біршама тірліктер атқарылады. Ал, өз мүмкіндігіміздің шеңберіндегі мәселелердің шешілуі күнделікті бақылауымда. Билік пен халық деген емес, бірлік деген ұғым бар жерде тірлік ілгерілейді. Нәтижеге тек бірге жететінімізді айтқым келеді», - деді ол өз сөзінде.


Кездесуде инфрақұрылым және өзге де мәселелер талқыланып, ұсыныстар берілді.