Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру жобасын жүзеге асыру туралы кездесу өтті.
Қанат Шарлапаев ірі қытайлық Xinjiang Lihua Co компаниясымен инвестициялық жобаны талқылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2024 жылғы 14 қарашада ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың жетекшілігімен қытайлық «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd.» (Синцзянь Лихуа Групп) компаниясымен Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру жобасын жүзеге асыру туралы кездесу өтті.
Xinjiang Lihua (Group) Co. мақта өсіру және оны озық өңдеу саласындағы Қытайдағы ең ірі компаниялардың бірі. Кәсіпорын мақта-матадан жіп пен маталар, дайын тоқыма бұйымдары сияқты жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаруға маманданған.
Жиынға Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, сондай-ақ қытайлық «K&K 86 LTD» компаниясының басшысы Сюй Цзе қатысты.
Бірлескен жоба Түркістан облысындағы «TURAN» АЭА-да мақта-тоқыма кластерін құруды көздейді.
Жоба 2 кезеңде жүзеге асырылады деп күтілуде және келесі нысандардың құрылысын қамтиды: ПВХ құбырларын шығаратын зауыт; тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыт; мақта өңдейтін 2 зауыт; иіру фабрикасы; зығыр мата өндіру бойынша тоқыма фабрикасы; бояу және өңдеу зауыты; тігін фабрикасы.
Жобаның жалпы құны 180 млрд теңгені құрайды, толық іске асырылған кезде 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Бүгінгі күні тамшылатып суару жүйесі орнатылып, 1120 га алқапқа егіс жұмыстары жүргізілді. Мақта өнімділігі 55 ц/га құрады. Иіру фабрикасының құрылысы басталды.