ТҮРКІСТАН: Қазақ-өзбек шекарасында не болып жатыр?

0
1 891

10 наурыз күні қазақ-өзбек шекарасындағы кеден бекеті маңынан өтетін Шымкент-Ташкент тас жолын бойлай жүк көліктері тұрған болатын.


ТҮРКІСТАН: Қазақ-өзбек шекарасында не болып жатыр?

Қазақ-өзбек шекарасындағы кеден бекеті маңынан өтетін Шымкент-Ташкент тас жолын жағалай ұзынсонар жүк көліктері тұрғанына қатысты Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Кедендік бақылау басқармасының басшылығы түсініктеме берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Сарыағаш ауданындағы кеден бекетінен Өзбекстан еліне өту үшін жол бойында кезек күтіп тұрған жүк көліктерінің ұзындығы шақырымнан асады. Десе де, ауыр машиналар нақты қай кеден бекетінде кезек күтіп тұрғаны белгісіз.


Осы бейнероликке қатысты Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Кедендік бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Қолдасұлына хабарласқан едік. Оның айтуынша, Сарыағаш ауданындағы 6 кеден бекеті де өз кестесіне сай жұмыс істеп жатыр екен. Яғни, онда ешқандай мәселе туындамаған.

"Күніне кеден бекетінен 85- 90 көлік өтеді. Ол көліктер 3-4 күн тұрып қалмайды. Мәселен, бүгін кешке келсе, таңертеңге дейін өтіп кетеді. Оның артынан тағы машиналар келеді. Ал жолдың бойында тұрған көліктердің мәселесіне келер болсақ, кеден бекетінің маңында 2 автотұрақ бар. Бірақ, олар жекеменшікке тиесілі болғандықтан, ақылы. Олар сол жерге кіріп ақша төлемес үшін жолдың бойында тұрады. Сол жолдың бойынан бірден кеден бекетіне кіріп, құжаттарын рәсімдеп өтіп кетеді. Жол бойында тұрмасын деп, "гаиды" (ЖПП - ред.) да шақыртқанбыз. Автотұраққа кірсін деп... Олардың ақылы тұраққа кіргісі жоқ", - дейді ол.

Жалпы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті бекіткен норматив бойынша жүк көліктері кеден бекетінде 57 минуттан көп тұрмауы тиіс.

Қазірде жүргізушілер онлайн арқылы жұмыс істейтін kgd.gov.kz сайтына кіріп, қай кеден бекетінде қанша көлік кезекте тұрғанын біле алады. Мәселен, көлік жүргізушісі онлайн жүйеде жұмыс істеп тұрған kgd.gov.kz сайт арқылы А бекетінде 10 көлік, Б бекетінде 5 автокөлік өзбек еліне өтуге кезекке тұрғанын біліп, А бекетіндегі кезекті кептеліске айналдырмай, Б бекетіне баруына болады екен.

Сондай-ақ, мамандар соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымының ұлғаюына байланысты, екі ел арасындағы көлік қатынасының жиілегенін айтып отыр.