Басқосуда медиация институтының қоғамдағы орны мен рөлі талқыланып, тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) құрылғанына 30 жыл толуына орай Шымкент қаласында қоғамдық келісім мен дауларды бейбіт жолмен шешу мәдениетін дамытуға арналған «Медиация – татулық тірегі» атты республикалық форум болып өтті. Іс-шараның негізгі және стратегиялық мақсаты – ел бірлігі мен қоғам тұрақтылығын сақтау, әсіресе ұлтаралық қатынастарда өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтудың тиімді құралдарын талқылау болды.
Форумға еліміздің зияткерлік және құқықтық саласының беделді өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша филиалының директоры Әсет Абжақов, академия өкілі Гүлжан Қожақметова, сондай-ақ Шымкент қаласындағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері және сертификатталған кәсіби медиаторлар белсенділік танытты.
Басқосуда медиация институтының қазіргі қоғамдағы орны мен рөлі жан-жақты талқыланып, тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылды. Қатысушылардың бірауыздан атап өткеніндей, медиация – бұл дауларды сотқа жеткізбей, екі тараптың мүддесін ескере отырып, өзара келісімге келудің ең тиімді және жедел құқықтық жолы. Ол уақытты, қаржыны үнемдеп, ең бастысы, тараптар арасындағы қарым-қатынасты сақтауға мүмкіндік береді.
Қазақстанда 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» Заң ел ішінде бейбітшілік пен келісім мәдениетін дамытуға берік негіз қалады. Ал өткен жылдан бастап Шымкент қаласында этносаралық келіспеушіліктердің алдын алу мақсатында этно-медиация орталығы құрылып, этномәдени бірлестіктер жанынан арнайы медиаторлар қызметі жолға қойылған.
Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Тахирбек Нишанбаев форумда сөйлеген сөзінде медиацияның қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы маңызын айрықша атап өтті:
«Қай заманда, қай қоғамда өмір сүрсек те, ең бастысы – өзара бірлікті сақтау. Өркениетті елдің іргесі – заң, тұғыры – құқық. Медиацияның басты мақсаты – дауласушы тараптарды құқықтық жолмен, бірақ сотқа жеткізбей, өзара тиімді келісімге келтіру. Бүгінгі форум осы міндетті жүзеге асыруға бағытталған. Біздің көздегеніміз – этно-медиация институтының жұмысын жандандырып, медиатор мамандардың кәсіби деңгейі мен беделін көтеру. Бұл – қоғамдағы тұрақтылық пен ел бірлігін сақтаудың маңызды тетігі және ҚХА 30 жылдығы аясындағы стратегиялық жұмысымыздың бөлігі», – деді ол.
Форум барысында медиаторлардың кәсіби біліктілігін арттыру, дауларды шешудегі келіссөз жүргізу мәдениетін дамыту, сондай-ақ этно-медиацияның қоғамдағы маңызын арттыру мәселелері кеңінен сөз болып, осы бағыттағы нақты ұсыныстар талқыланды.


