ТҮРКІСТАН: «Қазақ романсиадасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

0
100

60-қа жуық үміткер бақ сынады.


ТҮРКІСТАН: «Қазақ романсиадасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Түркістанда «Қазақ романсиадасы» жас орындаушыларының байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін өнер додасы биыл 27-рет ұйымдастырылды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.


Екі күнге созылған байқаудың мақсаты – классикалық музыка өнерін дәріптеу және Орталық Азия елдері арасындағы мәдени байланыстарды нығайту.


Үміткерлердің өнерін Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, «Романсиада» халықаралық байқауы идеясының авторы және ұйымдастырушысы Галина Преображенская, Өзбекстанның халық әртісі Аваз Раджабов, Тәжікстанның еңбек сіңірген әртісі Содик Нуроллоев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев пен Балапан Жұбаева, сондай-ақ Хакасия Республикасының еңбек сіңірген әртісі Борис Дьяков сынды қазылар алқасы төрелік етті.


Қазақстан, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан елінен 60-қа жуық үміткер бақ сынады. Олар байқау ережесіне сәйкес екі кезең бойынша сайысқа түсіп, қазақ және орыс тілінде романс орындады. Нәтижесінде «Қазақ романсы» бағытында 1-орынды Айдос Оразов (Астана), Айкерім Ахметова (Астана) алды. Ал «Классикалық романс» бағыты бойынша Дарын Бисаринов (Астана), Диана Ерсерікқызы (Алматы), Мераяти Адилиджанг (Қытай) иеленді. Сонымен қатар II және III орын иегерлері мен арнайы номинациялар жеңімпаздары анықталды. Барлық қатысушыларға сертификаттар мен дипломдар табысталды.


«Фараб» кітапханасының концерттік залында Гала-концерт ұйымдастырылды. Байқау аясында Ертай Кенжебекұлы қазылар алқасының мүшелерімен кездесіп, халықаралық деңгейде мойындалған кәсіби мамандарға алғысын білдірді.


Айта кетсек, байқау жеңімпазы Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында желтоқсан айында өтетін халықаралық романс орындаушыларының қорытынды байқауына қатысады.

Бөлісу