12 әкім өзекті мәселелерді талқылауда.
Келес ауданындағы 12 әкім өз әкімшілік аумағындағы тұрғындармен кездесуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында Келес ауданына қарасты ауыл, ауылдық округтерінің әкімдері бекітілген кестеге сәйкес, ІІ тоқсандағы халықпен кездесулері басталды.
Аудан орталығы Абай ауылының әкімі Ерғали Абдирахманов ауыл тұрғындарымен кездесуін аудандық Әшірәлі Кенжеев атындағы мәдениет үйінде өткізді. Кездесуге ауыл ақсақалдары, тұрғындар және белсенді жастар қатысты. Кездесуде сөз болған мәселелер ауыл әкімінің бекітілген кестеге сәйкес тұрғындармен кездесулерінің І тоқсанындағы көтерілген түйіткілдер төңірегінде болды. Атап айтқанда жаз мезгілінде орын алатын ауыз су мәселесі, тозығы жеткен инфрақұрылымдарды реттеу, шығыс және оңтүстік мөлтек аудандарға газ беру сынды мәселелерді шешу жолы қай деңгейде орындалып жатқаны айтылды.
Дәл осындай кездесулер ауданға қарасты барлық әкімшілік аумағында ұйымдастырылуда. Жалпы 12 әкім бүгіннен бастап өз әкімшілік аумақтарының тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылауда. Сонымен қатар шешім жолдары түсіндіріліп, тұрғындардың жеке мәселелері бойынша сауалдарға жауап беруде.
Еске сала кетейік, есепті кездесулер жыл бойы бекітілген кестеге сәйкес барлық елді мекендерде өткізу жоспарланған. Кездесу кестелері Келес ауданы әкімдігінің ресми интернет ресурсында, «Келес келбеті» аудандық газетінде және ауыл, ауылдық округі әкімдіктерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланған.