ТҮРКІСТАН: Кентаудағы көпқабатты үйлер газға қосыла бастады

0
542

Қысыммен тексеру жұмыстары тамыз айының соңында аяқталады.


ТҮРКІСТАН: Кентаудағы көпқабатты үйлер газға қосыла бастады

Кентау қаласындағы он көпқабатты, 60 пәтерлі тұрғын үйлер газға қосылуға дайын, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Кентау қаласы, Ш.Уәлиханов көшесінде орналасқан он көпқабатты 60 пәтерлі тұрғын үйлер газға қосылуға дайын. Бүгін қала әкімі Рашид Аюповтың қатысуымен көпқабатты тұрғын үйлердің газ тарату шкафтарын газбен толтыру жұмыстары іске қосылды. Енді әр пәтер тұрғындары "КазТрансГаз Аймақ" АҚ "Кентау Газ Шаруашылығына" барып дербес шот ашу арқылы үйлерін газға қоса алады.


«Газды құбырларын жасаған мердігер жеке-жеке қосады. Ол үшін әр пәтер тұрғындары үйде болу керек. Газға қажетті пеш дайын болуы қажет. Мамандар әбден тексеріп, қосуға дайын деген кезде кезең-кезеңімен пәтерлерді қосамыз», — деді Түркістан облысы бойынша "КазТрансГаз Аймақ" АҚ филиалының директоры Ержан Балабеков.


Қазіргі таңда Кентау қаласы табиғи газбен қамтылып, қала аумағында тұтынушы санын көбейту жұмыстары жүргізілуде, «КазТрансГаз Аймақ» АҚ-на 2063 абонент тұтынушы техникалық шарт алу үшін өтініш берген. Қалада 200-ден аса абонент газбен қамтылған.


«Өте қуаныштымыз. Үйіміздің маңайына газ келді. Қала басшыларына рахмет! Айтқан уәделерін орындады. Енді құжаттарымызды дайындасақ, үйімізге газ қосылады. Жолымыз да салынды», — дейді Ш.Уәлиханов көшесінің тұрғыны Орынкүл Жолдыбай.


Жалпы, қаланы табиғи газбен қамтудың ІІ кезеңі нысанында қысыммен тексеру жұмыстары жүргізілуде. Оны биыл тамыз айының соңында аяқтау жоспарланған.