ТҮРКІСТАН: Халықтың табысын арттыру үшін ауқымды жұмыстар атқарылады

0
991

«Кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жобаның» еңбек бағыты бойынша 35,6 млрд.теңге қаржы қаралған.


ТҮРКІСТАН: Халықтың табысын арттыру үшін ауқымды жұмыстар атқарылады

Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жалғасатын болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Халықтың табысын арттырып, тұрмысын жақсарту үшін Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жалғасатын болады. Осы мақсатта халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыруға, оларға жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар беру қарастырылуда. Ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беріледі. Еңбек ресурстарын жетілдіру, өңдеуші кәсіпорындардың өнімділігін арттыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы табыстың өсу мүмкіндіктерін кеңейту жұмыстарын қамтиды. Жаңа жұмыс орындарын - өндірістік кластер құру, шағын және орта бизнес саласын қаржылай қолдау жоспарланып отыр. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиналыста талқыланды.


«Turkistan» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Ф.Байдуллаев пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдармалар басқармасының басшысы Ә.Темірбаева халықтың табысын арттыру мақсатында көзделген негізгі бағыттарға тоқталды. 2019 жылдан бері жұмыссыздық деңгейі республикамен салыстырғанда 0,3% артқан. Кедейлік шегінен төмен тұратын азаматтар саны 2017 жылмен салыстырғанда 3,2% артқан. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдармалар басқармасының мәліметінше, халықтың осал тобына жататын азаматтар саны облыстың оңтүстік аудандарында басым болуда. 2023 жылы «Кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жобаның» еңбек бағыты бойынша 35,6 млрд.теңге қаржы қаралып, 35,2 мың азаматты жұмыспен қамту шараларына жолдау жоспарлануда.


"Бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі халықтың табысын көтеріп, тұрмысын жақсарту болып отыр. Бұл мәселе Мемлекет басшысының ұдайы бақылауында. Біз облысымызда осы мақсатқа қол жеткізудің жолдарын, тетігін анықтадық. Өңірде 2 миллионнан 200 мыңнан астам адам тұрады, оның 80 пайыздан астамы, яғни басым бөлігі ауылда шоғырланған. Ол біздің үлкен мүмкіншілігіміз. Себебі, әрбір ауылдық аула шын мәнінде – табыс көзі. Егістік жерлерді арттырып, халыққа мүмкіндік беру керек. Қосалқы шаруашылықтарға бағытталған мемлекеттік саясатты қалыптастыра отырып, саланы дамытуға бет бұлған жөн. Осылайша ауыл шаруашылығы өнімін еселеп көтеру, қайта өңдеуді дамыту, импортты алмастыру, азық-түлік бағасын төмендету, жұмыссыздықпен тиімді күресу, әлеуметтік көмекке жүгінушілердің санын азайту, жалпы ауылдың әл-ауқатын көтеруге жол ашылған болар еді", – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.


Ауыл халқын қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырып, халықты жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін пилоттық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының м.а Н.Мырзахметовтің баяндауынша, республикалық бюджеттен 11 млрд. теңге қаржы бөлініп, жылдық пайыздық мөлшері 2,5 % несие берілмек.


Бұл бағытта 6 негізгі саланы дамыту көзделген. Атап айтқанда, отбасылық сүт фермалары құру, мал бордақылау алаңдарын құру, отбасылық жұмыртқа, құс еті бағытындағы фермаларды құру, балық шаруашылығын дамыту, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіру, егін шаруашылығын (ауыл шаруашылығы техникасы, жылыжай, құлпынай, таңқурай, гүл, лимон, жүзім) дамыту. Бұл өз кезегінде, жеке қосалқы шаруашылықтарға көрсетілетін қызметтердің қол жетімділігін артырып (жем-шөппен қамтамасыз ету, ветеринариялық іс-шаралар, техника қызметтері, өнім өткізу, ұлғайтылған субсидия алу т.б.), алынатын өнім көлемі мен табысты артыруға мүмкіндік береді.