Мамандар әуежай бағытындағы жол бойында суғару жүйесі үзілген аймақтар жайын айтты.
Түркістанда “Жасыл аймақ” мекемесінің жұмысшыларымен арнайы мәжіліс өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков “Жасыл аймақ” мекемесінің жұмысшыларымен арнайы мәжіліс өткізіп, өзекті мәселелер мен жоспарларды саралады.
Облыс әкімінің орынбасары жауаптылардың бекітілген аймақтары бойынша есебін кері қайтарып, шешімін күткен проблемаларды баяндауды сұрады.
Мамандар әуежай бағытындағы жол бойында суғару жүйесі үзілген аймақтар жайын айтты. Сондай-ақ кей учаскелерде су ұңғымалары істен шыққан. Сорлану деңгейі артқан алқаптардың мәселесін де көтерді. Теке тас жолының бойы мен Қарашық өзенінің етегіне дизельді насостар орналастыру қажет.
– Өзекті мәселелер осылай ашық айтылуы тиіс. “Проблема жоқ” деген жерде, демек, жұмыс жоқ. Естеріңізде болсын, “Дертін жасырғанға дауа табылмайды”. Суғару жүйесі істен шыққан, ағын су жетпеген аймақтарда әзірге техникамен суғаруды ұйымдастыру қажет. Барлық ұңғымалар мен олардың техникалық жағдайын қайта зерделеуді тапсырамын. Ағын сумен суғарылатын аймақтарда жұмыс күшін көбейтіңіздер. Су жолдары, яғни арықтар түгел тазалануы тиіс, – деді Нұрбол Тұрашбеков мәжіліс барысында.
Сонымен қатар облыстағы барлық тұқымбақ басшыларына ағаш отырғызудың күзгі науқанын көшетпен қамтуға дайындықты осы кезден қолға алуды ескертті.