ТҮРКІСТАН: Қыздарға арналған тәрбие сағаттары өтіп жатыр

0
1 022

Іс-шараның мақсаты - қазақ қызының бойындағы асыл қасиеттерін таныта білу.


ТҮРКІСТАН: Қыздарға арналған тәрбие сағаттары өтіп жатыр

Түркістан облысында «Иманды қыз, аяулы ана» тақырыбында тәрбие сағаттары өткізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің 2022 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, 25-29 сәуір аралығында облыстық білім беру мекемелерінде «Иманды қыз, аяулы ана» тақырыбында тәрбие сағаттары өтіп жатыр.


Тәрбиелік мәні мол кезекті кездесу Түркістан қаласы Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылды. Іс-шараға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Дүйсенкүл Жамболова, кеңес мүшелері, мектеп ұстаздары, ата-аналар және мектеп оқушылары қатысты. Жиынды облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Д.Жамболова ашып, жүргізіп отырды.


Іс-шараның мақсаты - қазақ қызының бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, инабаттылық, кішіпейілділік т.б. жан-жақты асыл қасиеттерін таныта білу.


Тәрбие сағатында Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Гүлсара Тоққұлова «Қыздарымыз ибалы болса, ұрпағымыз иманды болады» тақырыбында байыпты баяндама жасап, жастарға ақыл-кеңесін берді.


«Қазіргі заман қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Қыз баланы тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Ал отбасының алтын қазығы – әйел адам. Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі өнеге көрген қыз бала келін болғанда да сол әдетін сақтайды. Кейбір ата-аналар «Бала тәрбиесіне ұстаздар жауапты, олар сол үшін айлық алады» деп бар жауапкершілікті мұғалімдердің мойнына арта салады. Бұл – дұрыс емес. Жас өскіннің тәрбиесіне қоғам болып атсалысуымыз керек. Ұрпағымыз ұлағатты болсын десек, басты назарды бала тәрбиесіне аударайық», – деді Г.Тоққұлова.


Сондай-ақ, кездесуде Аналар кеңесінің мүшесі Ш.Примбетова «Зайырлы қоғамдағы қыз баланың рөлі» тақырыбында, Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясының қыздар кеңесінің төрайымы Н.Бекарыстанова «Қыздар тәрбиесінің дәстүрлі құндылықтармен сабақтастығы» тақырыбында келелі әңгіме қозғады. Басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды.