Түркістан облысында барлық ақ халатты жандар жұмыссыз және қолдаусыз қалмайды.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Келестік хирург-дәрігер жаңа лауазымға тағайындалды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Келес аудандық «Абай» ауруханасының хирург-дәрігері Қайрат Сейдуалиев бүгіннен бастап Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.
Дәрігер аталған аурухана басшылығының ұсынысымен жұмысқа қабылданған.
Естеріңізге сала кетейік, Қ.Сейдуалиевке науқас тарапынан шағым түсіп, тәртіптік жаза алған. Сонымен қатар, қызметтік міндеттемені сақтамай өзі жұмыс істеп отырған медициналық мекемеге қатысты кереғар пікірлерді, Келес аудандық ауруханасына қатысты жалған ақпараттарды әлеуметтік желілерге жариялап отырған. Сондай-ақ, пандемия кезінде халық арасында медицинаға деген сенімсіздікті күшейтуге ықпал еткені үшін аурухананың еңбек дауларын қарау жөніндегі комиссияның шешімімен жұмыстан босатылған болатын.
Қазіргідей қиын жағдайда медициналық қызметкерлер ауадай қажет. Бүкіл елдің еңсесін түсірген пандемиямен қиын күресте аянбай еңбек етіп жүрген дәрігерлер эмоцияға беріліп, қателік жасауы мүмкін. Ал кадр тапшылығын болдырмау мақсатында әрбір медицина қызметкері мемлекет үшін аса маңызды. Сонымен қатар, Түркістан облысында барлық ақ халатты жандар жұмыссыз және қолдаусыз қалмайды.