ТҮРКІСТАН: Мақта кластерін дамытатын кәсіпорын құрылысы басталады

0
359

Инвесторлар тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.


ТҮРКІСТАН: Мақта кластерін дамытатын кәсіпорын құрылысы басталады

«TURAN» АЭА-да мақта кластерін дамытатын кәсіпорын құрылысы маусым айында басталады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы аясында аймақта мақта кластерін дамыту, оған инвесторлар тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров «TURAN» арнайы экономикалық аймағында мақта кластерін құру бойынша жиын өткізді. Басқосуға «Tүркістан» ӘКК», «Turkistan Invest» ЖШС және «TURAN» арнайы экономикалық аймағының басшылары мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты.


Жиын барсында жаңадан ашылатын кәсіпорын жұмысы және оны инфрақұрылыммен қамту мәселелері қаралды. Нәтижесінде, келесі айдан бастап мақта кластерін дамытатын кәсіпорын өз жұмысын бастамақ. Жоба құны – 400 млн. АҚШ доллары. Өндіріс орнында 4 мың жаңа жұмыс орны ашылады.


Бұл – «TURAN» арнайы экономикалық аймағында мақтаның шитінен бастап, жіп иіру, мата тоқу, киім тігуге дейінгі аралықтағы кезеңдерді толық қамтитын өндіріс орны болады.


Түркістан облысы – республика бойынша мақта өсіріп, өңдейтін жалғыз өңір. Өңірде 23 мақта өңдеу кәсіпорны бар. Олар жылына 100 мың тоннадан астам мақта талшығын өндіреді.


Айта кетейік, «TURAN» арнайы экономикалық аймағының аумағында қолайлы инвестициялық жағдайлар жасау мақсатында инвестициялық жеңілдіктер беріледі.