ТҮРКІСТАН: Мақтааралда 1500 орындық мектептің құрылысы басталды

0
943

2024 жылдың соңында пайдалануға беріледі.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда 1500 орындық мектептің құрылысы басталды

Мақтаарал ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 1500 орындық мектептің құрылысы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мақтаарал ауданы Атакент кентінде "Жайлы мектеп" Ұлттық жобасы аясында 1500 орындық мектептің құрылысы басталды. "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамының қаржыландыруымен салынып жатқан білім ордасы 2024 жылдың соңында пайдалануға беріледі.


Өткен аптаның соңында "Самұрық-Қазына" АҚ-ның Түркістан облысы бойынша өкілдері Ербол Ахмет пен Сәкен Әшірбай Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, нысанның құрылысымен танысты. Сондай-ақ, "Жайлы мектеп" жобасы бойынша мектептер салынатын басқа да елдімекендерге барып, жер телімдерін көрді.


1500 орындық мектептің бас жобалаушысы "Envicon-a" ЖШС-і болса, құрылысын бас мердігер "Bazis Construction" ЖШС-і жүргізіп жатыр. Құрылыс нысанының аумағы 4 гектардан астам жерді құрайды.


«Жайлы мектептер» пәндік кабинеттермен, оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алуларына, түрлі үйірмелерге қатысуына, спортпен айналысуларына, жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға толықтай жағдай жасалады.


"Жайлы мектеп" жобасы аясында Мақтаарал ауданында жалпы 5 мектептің құрылысы жоспарланған. Нақтырақ айтар болсақ, Атакент кентінде 1500 орындық және 900 орындық мектептердің құрылыстары, Жамбыл ауылдық округі, Абай елдімекенінен 900 орындық мектеп құрылысы, А.Қалыбеков ауылдық округі, Үлгілі елдімекенінен 600 орындық мектеп құрылысы және Нұрлыбаев ауылдық округі, Ынталы елдімекенінен 300 орындық мектептің құрылыстары жүргізілмек.