ТҮРКІСТАН: Мақтааралда ерікті әскерилер марапатталды

0
861

Олар алғашқы 10 күн бекеттердегі қауіпсіздікті күзетсе, кейінгі 20 күнде Мақтааралдағы топан судан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсеткен.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда ерікті әскерилер марапатталды

Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдай кезінде аянбай қызмет еткен бір топ ерікті әскерилер аудан әкімінің алғыс хатына ие болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков арнайы қатысып, қысылтаяң шақта жанашырлықпен елге қызмет көрсеткен азаматтарға алғысын айтты.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әлемде COVID-19 індетінің таралып пандемия деп жариялануына байланысты елімізде төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету шаралары қолға алынғаны белгілі. Осы ретте мемлекет басшысы "Әскери міндеттілерді арнуалы жиындарға шақыру туралы" Жарлығына сәйкес ауданымыздың қорғаныс істері жөніндегі бөлімі тарапынан азаматтарды қоғамдық жұмыстарға шақыру істері ұйымдастырылған болатын. Сол ерікті әскери міндетті азаматтар ретінде шақырту тізіміне сіздер іріктелдіңіздер. Сондан бері карантиндік режимге байланысты тиісті шаралардың атқарылуына аянбай атсалыстыңыздар. Сол үшін де сіздерге мың да бір алғыс білдіргім келеді", – деді аудан әкімінің орынбасары.

Ауданда карантиндік режим кезінде 1 санитарлық және 4 блок-бекеттері құрылған. Сол бекеттерде өз еріктерімен келген 12 әскери еріктілер тік тұрып қызмет көрсетті. Сондай-ақ олар Өзбекстан Республикасындағы Сардоба су қоймасы жарылып, аудандағы топан судан қауіп төнген ауыл тұрғындарын эвакуациялау жұмыстарына белсенділік танытқан.

"Біз жалпы 1 ай ерікті ретінде жұмыс істедік. Алғашқы 10 күн бекеттердегі қауіпсіздікті күзетсек, кейінгі 20 күн топан судан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетумен және орталықтандырылған қоймада тауар тасумен айналыстық. Бүгін осынау еткен еңбегіміз ескеріліп, марапатталып жатырмыз. Біз халықтың пайдасына жұмыс істеуді жалғастыра беруге қашанда дайынбыз", – деді алғыс хатқа ие болған Арман Даербеков.