ТҮРКІСТАН: Мақтааралда жыл басынан бері некелескендердің тең жартысы ажырасып үлгерген

0
1 215

Жас отбасылардың ажырасуларының басты себебі – әлеуметтік мәселелерге келіп тіреледі дейді мамандар.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда жыл басынан бері некелескендердің тең жартысы ажырасып үлгерген

иллюстрациялық фото

Мақтааралда биылғы жылдың басынан бері некесін заңдастырған жас отбасылардың тең жартысы қайта ажырасқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Биылғы жылдың басынан бері Мақтаарал ауданында 91 жұп некелерін заңдастырып, АХАЖ бөлімінен тіркеуден өткен. Алайда, оның тең жартысы, яғни, 45 жұбы көпке бармай қайта ажырасқан. Оған негізгі себеп – тұрмыс құрып, шаңырақ көтерушілердің тым жас болуы мен отбасылық өмірде кездесетін қиындықтарға төтеп бере алмауынан, материалдық қажеттіліктің толық өтелмеуінен дейді мамандар.

Аудан тұрғындары арасында жүргізілген ресми емес сауалнамаға қатысушылардың басым бөлігі жастардың арасындағы ажырасу фактілерінің жиілеуіндн бүгінгі көз ілеспес жылдамдықпен дамып, жастардың миын улап отырған әлеуметтік желілерді кінәласа, енді біреулері, отбасындағы тәрбиенің әлсіздігіне әкеп тірейді.

«Бүгінде күйбең тірлікпен арпалысып жүріп перзенттеріміздің тәрбиесін естен шығарып алдық. Жұрттан кем болмасын деп тек материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз етеміз, рухани азық, ұлттық болмыс, қазақы тәрбиеден қол үзіп қалдық. Міне, соның салдары бүгінгі перзенттерімізден көрініп жатыр. Ықылым заманнан қазақпен бірге біте қайнасып келе жатқан салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды кеңінен насихаттап, ұрпақ тәрбиесіндегі негізгі идеологиялық құрал саналатын телеарналарымыздың эфирінен көрсетілетін дүниелерімізді қатаң бақылауға алуымыз керек», - дейді сауалнамаға қатысушылардың бірі, қарт педагог Мария Әнтек қызы.