ТҮРКІСТАН: Медицина саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

0
583

Алқа отырысында туберкулез, қатерлі ісік ауруларымен күрес, алдын алу шаралары да сөз болды.


ТҮРКІСТАН: Медицина саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының 2023 жылдың қорытындысы бойынша алқа отырысы өтті.


Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарлары, денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшылары, ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары, жеке медициналық орталықтардың басшылары қатысып, баяндамалар жасалды. Күн тәртібінде 6 мәселе тыңдалды. Отырысты облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев жүргізді.


Алқа отырысында туберкулез, қатерлі ісік ауруларымен күрес, алдын алу шаралары да сөз болды. Бұдан кейін жұмыс барысындағы кемшіліктер сараланып, аудандық аурухана дәрігерлерінің уәждері тыңдалды. Мәжілісте халыққа сапалы медициналық көмек көрсетудің жолдары қаралды.


«Халықтың медициналық қызметке жүгіну көрсеткіші өсіп отыр. Медицина қызметіне жүгінген халыққа сапалы көмек көрсету қажет. Бүгінгі таңда аталған сала бойынша келіп түсетін шағымдар саны артқан. Жекеменшік медициналық мекемелермен тығыз байланыс орнатылып, алгоритм жүйесін өзгертіп, қайта жаңарту керек. Жалпы облыста 2023 жылдың қорытындысымен 2 046 668 тұрғынның ішінде МӘМС жүйесіне сақтандырылғандар саны – 1 606 145, сақтандырылмағандар саны – 414 869. МӘМС жүйесін түсіндіру, тіркеу және осы жүйе арқылы сапалы медициналық көмек көрсету жұмыстарын жандандыру қажет», – деді Бейсен Тәжібаев.


Облыста 2023 жылдың қорытындысымен ішкі медициналық көрсеткіштерді жақсарту, медициналық қызмет сапасын көтеру, адами және материалдық ресурстар тиімді және қарапайым пайдалану бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдары тіркелген халыққа қажетті медициналық көмек көрсету және жыл басынан бастап қойылған жұмыстың нысаналы индикаторларына қол жеткізу бойынша тиісті жұмыс жүргізілді.


Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев медициналық қызмет сапасын жақсартуды, дәрігерлер біліктілігін арттыруды, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын күшейтуді, жаңа нысандар құрылысы мен күрделі жөндеуге қадағалау жүргізуді күшейтуді тапсырды.


Өткен жылы өңірде 17 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында іске асырылды. Құрлысы 2023 жылдан 2024 жылға өтпелі 7 нысан бар. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық Ұлттық жобасы аясында облыста 4 аудандық орталық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған. 2023 жылы 9,3 млрд. теңгеге 712 дана, оның ішінде ауыр – 32 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Медициналық ұйымдарға үнемделген қаржы есебінен 75 дана 4 санаттағы жедел-жәрдем автокөлігі және 716 дана компьютер берілді. Облыс бойынша медициналық техникамен жабдықтау пайызы – 84 % болса, 2024 жылы 89 %-ға көтеру жоспарлануда.


Жалпы Түркістан облысында 45 мекеме 756 медициналық ұйымдар жұмыс істейді.