ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік басқару академиясының мүмкіндіктері түсіндірілді

0
805

Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 40 жас, еңбек өтілі 11 жылды құрап отыр.


ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік басқару академиясының мүмкіндіктері түсіндірілді

Түркістан облысында ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының мүмкіндіктері таныстырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімдігінде облыстағы жас мемлекеттік қызметкерлердің қатысуымен ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академияға түсу талаптарын түсіндіру мақсатында Академия ректоры Ерлан Қуанышұлымен арнайы кездесу өтті. Жиында Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов модераторлық етіп, облыстағы кадр әлеуетіне тоқталды.


"Бүгінгі таңда өңірімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткен меритоктария қағидасына аса үлкен мән беріліп келеді. Биыл жалпы ішкі конкурстардың нәтижесі бойынша мемлекеттік қызметшілердің 69%-ы, яғни 83 адам жоғарғы лауазымға тағайындалды. Сонымен қатар облыста кадр әлеуеті де жоғары деңгейде деп айтуға болады. Мемлекеттік қызметшілердің 95%-дан астамы жоғары білімді, оның ішінде, «Болашақ» бағдарламасының 12 түлегі, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 25 түлегі облысымызда еңбек етуде. Бұл тәжірбиесі мол кадрлардың бар екендігін көрсетеді және жас әрі білімді мемлекеттік қызметшілерге берілген үлкен мүмкіндік", – деді Еркеғали Әлімқұлов.


Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 40 жас, еңбек өтілі 11 жылды құрап отыр. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген жастардың үлесі айтарлықтай көп. Атап айтқанда, 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 39%, яғни 1400 жас азамат мемлекетке қызмет етіп келеді.


Жиында Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жастарға беретін мүмкіндігі мен оқуға түсу талаптары және «Өңірлік кадрлық саясат» бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, енгізіліп жатқан жаңашылдықтар туралы Ерлан Әбіл кеңінен тоқталды.


"Түркістан облысында жалындаған жастар көп. Академия білікті, білімді жастарды жоғары лауазымды қызметтерге тағайындауға мүмкіндік береді. Қызметте өсу мүмкіндігі жоғары. Бұл – Президенттің жастарға деген сенімі. Үрдіс қайталанады. Қалыс қалмаңыздар. Берілген мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар", – деді академия ректоры.


Басқосуға қатысқан 35 жасқа дейінгі мемлекеттік қызметкерлер Мемлекеттік басқару академиясының ректоры мен Әдеп жөніндегі кеңес төрағасына көкейдегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауап ала алды.


ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Балажанов Өркен әрбір өңір өз кадрлық резервін жасайтынын, білімін дәлелдеп, резервке енген азамат кез келген лауазымға конкурссыз тұруға мүмкіндік алатынын айтып өтті. Жастарды конкурстан өтуге шақырып, мемлекеттік қызметшілермен кездесуге мүмкіндік тудырғаны үшін облыс әкімдігіне алғысын білдірді.


Іс-шара аясында Департаменттер үйі ғимаратынан «Мемлекеттік қызметшілер» мұражайы ашылды. Мұражайды құрудың идеясы – мемлекеттік қызмет саласындағы жетістіктеріміз мен заманауи технологияның даму үдерісін салыстырмалы түрде көрсету арқылы өткеннен өнеге алып, болашақты бағамдауға жол ашу.


Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында 6 мыңға жуық мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Олардың 63%, яғни 3589 қызметші жергілікті атқарушы органдарда жұмыс атқаруда.