ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік қызметті заман талабына сай жаңғырту жолдары талқыланды

0
650

Мемлекеттік қызметті оңтайлы бағытта ұйымдастыру шаралары қолға алынбақ.


ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік қызметті заман талабына сай жаңғырту жолдары талқыланды

Түркістанда мемлекеттік қызметті заман талабына сай жаңғырту жолдары талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев арнайы іссапармен Түркістан облысына келді. Агенттік төрағасының өңірге ресми сапарының мақсаты – облыстың мемлекеттік қызметшілерімен және жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің студенттерімен кездесу, тұрғындардың тарапынан туындаған мәселелерді тыңдап, оларды шешу жолдарын қарастыру. Агенттік төрағасы алдымен облыс активімен, мемлекеттік қызметшілерімен кездесті. Жиынды Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай жүргізіп отырды.


Жиында агентік төрағасы жүргізіліп жатқан реформаларды оңтайлы жүзеге асыруда агенттік алдында тұрған бірқатар мәселені баяндады. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің басым көпшілігі өңірлерде ұсынылатынын ескере отырып, оларды тиімді әрі сапалы жүзеге асыру қажеттігін алға тартты.


«Еліміздің кез-келген азаматы мемлекеттік қызметтерді өзі қалаған өңірде немесе оларды ұсынатын мекемеде алу мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін сақтамау және рәсімдерін бұзу секілді мәселелердің алдын-алу, мемлекеттік қызметті оңтайлы бағытта ұйымдастыру шараларын қолға алу қажет. Президентіміздің «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы» Жарлығына сәйкес, агенттік барлық әкімшілік рәсімдерге талдау жасап, әр жарты жыл сайын оның нәтижесін, яғни бюрократия көріністерін алдын алу бойынша нақты ұсыныстарды Президент әкімшілігіне енгізеді. Бюрократиялық кедергілерге жол берілмейді. Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын ұсынды. «Адам – мемлекет үшін емес, мемлекет – адам үшін» ұғымы алға шығуы тиіс екенін айтты. Мемлекеттік қызмет сапалы, кедергісіз әрі уақтылы көрсетіліп, елдің мүддесі бірінші орында тұруы тиіс», – деді Д.Жазықбаев.


Сондай-ақ, агенттік төрағасы мемлекеттік қызметке іріктеуді жеңілдету бойынша жасалып жатқан бірқатар ұсыныстарға тоқталды.


«Жоғары оқу орындар мен колледждерде мемлекет есебінен білім алып, оқу үлгерімінің орташа балы (GPA) жоғары көрсеткіштегі маман иесі атанған жастарды аудандық және ауылдық деңгейлердегі төменгі лауазымдық мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз қабылдау ұсынылып отыр. Бұл қадам жас мамандардың ел өңірлеріне оралып, оның дамуына үлес қосуына жол ашып, аймақтарда кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді деп ойлаймыз», – деді ол.


Кездесу барысында Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері, басшылары бірқатар өзекті мәселені қозғап, ұсыныстарын жеткізді. Кейбір аудандарда мемлекеттік қызметші саны халық санына сай емес екені, мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғау бағытындағы түйткілдер де сөз болды. Мемлекеттік қызметшілердің білімін, қоғаммен байланыс орнатудағы шеберлігін көтеру, елдің мәселесіне жедел үн қату жолдары да талқыланды. Сонымен бірге агенттік төрағасына жаңа Түркістан облысын құру барысындағы алгоритм мен іс-шаралар баяндалды. Еліміздегі жаңа облыстарды қалыптастыруда Түркістан өңірінің тәжірибесі де назарға алынатын болды.


Сонымен қатар, Д. Жазықбаев ресми сапары аясында Түркістан қаласында тұрғындарды қабылдап, өтініштерін тыңдады. Сондай-ақ іссапар аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушы, профессорлар құрамымен және жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің студенттерімен кездесті. Айта кететін жайт, бүгінде Түркістан облысындағы мемлекеттік қызметшілердің 500-дейі – осы оқу орнының түлектері. Сонымен бірге іссапар аясында Ордабасы ауданы және Кентау қаласында азаматтарды жеке қабылдап, мемлекеттік қызмет көрсету сапасымен танысу көзделген.