ТҮРКІСТАН: «Музейге сый» акциясы өтті

0
1 159

Шараға қатысқан көнекөз қариялар мен қонақтар 46 дана заттай құндылықтарды сыйға тартты. Олардың қатарында ХV ғасырда соғылған Тимуридтер фулустары мен ХVI ғасырға тән Адиль хан және ХIХ ғасырдағы Бұхара әмірлігінің таңбалары, 2 дана жазба ескерткіш, яғни «Фиқул Әкбар» (Әл – Фиқул – Әкбар – Имам Ағзам Әбу Ханифа кітабы) және Ахмад Һади Мақсуди Ғибадат Исламиат топтамасының Ораза, Зекет, Хаж туындылары бар.


ТҮРКІСТАН: «Музейге сый» акциясы өтті

ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи–мәдени қорық–музейі» РМҚК-нің ұйымдастыруымен ел ішіндегі көне мұраларды жинақтау мақсатында «Музейге сый» акциясы өтті - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шараға қатысқан көнекөз қариялар мен қонақтар 46 дана заттай құндылықтарды сыйға тартты. Олардың қатарында ХV ғасырда соғылған Тимуридтер фулустары мен ХVI ғасырға тән Адиль хан және ХIХ ғасырдағы Бұхара әмірлігінің таңбалары, 2 дана жазба ескерткіш, яғни «Фиқул Әкбар» (Әл – Фиқул – Әкбар – Имам Ағзам Әбу Ханифа кітабы) және Ахмад Һади Мақсуди Ғибадат Исламиат топтамасының Ораза, Зекет, Хаж туындылары бар.
Сондай-ақ, этнографиялық тұрмыстық тоқыма, металл бұйымдар мен зергерлік әшекейлер және IX-X ғасырдың қыш құмыралары мен 9 дана монета табысталды.
«Музейге сый» акциясының тарихына көз жүгіртсек әйгілі қолбасшы Әмір Темір заманынан бастау алатынын байқауға болады. Оған дәлел - кесенеде сақталған Әмір Темірдің бұйрығымен құйылып, кесенеге сыйға тартылған халық өнерінің лағыл маржандарының қатарына жататын алтын күміс жалатылған 6 дана шырағдандар мен тайқазан, лауха сынды жәдігерлеріміз.
40 жылдық тарихы бар "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі 1978 жылы Республикалық музей ретінде ашылар кезде Мемлекет және қоғам қайраткері, сол кездегі Мәдениет министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен, жергілікті партия комитетінің қолдауымен халықтың қолында сақталған құнды дүниелер музейге сый ретінде тапсырылғаны белгілі. Бұл үрдіс осы күнге дейін жалғасын тауып, «Музейге сый» акциясы «Әзірет Сұлтан» қорық музейінде жыл сайын өткізіліп келе жатқан ауқымды іс-шаралардың біріне айналды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі республикалық музей ретінде халыққа қызмет көрсете бастаған кезде музей қорында 300-ден аса жәдігер болса, қазіргі күні 24 420 жәдігер мемлекеттік тіркеуге алынған. Оның ішінде сыйға берілген жәдігерлер саны - 1680 дана.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық құндылықтар мен тарихи мұраларымызды кеңінен насихаттауға арналған тың жобалар ұсынғаны белгілі. Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берген болатын. Оның ең негізгісі ұлттың терең тарихынан бастау алатын, мәдени-рухани ұстынды сақтап қалу, оны өскелең ұрпаққа жеткізу делінген.
"Халық арасында сақталған құнды қолжазбалар мен көне баспалар және қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан зергерлік әшекейлер, тұрмыстық бұйымдар қай заманда болмасын өз маңызын жоғалпайтыны мәлім. Қазіргі бізге келіп жеткен осындай сирек кездесетін тарихи жәдігерлер үлгілері де кейінгі ұрпақтар үшін аса бағалы мұра болып табылады. Бүгінгі технологияның қарыштап дамыған заманында көне заттардың күнделікті тұрмысқа қажетсіз болып қалатыны бар. Алайда, сол заттардың халқымыздың өткен уақыттардағы өмірі мен тарихын зерттеуде, болашақ ұрпақтың өз тарихы мен болмысын тануда қаншалықты маңызы бар екенін ескере бермейміз. Музей үшін сол заттар халық жадын жандандыруға қызмет ететін, мамандардың зерттеулеріне арқау болатын, ондаған, жүздеген жылдардан кейін де болашақ ұрпақ таңдана тамашалайтын жәдігер болатын құнды дүние",- деді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков.
Акцияға қатысқан Түркістан қаласының тұрғыны Әбілқасым Шошыбаев өз ауласын қазу барысында табылған IX-X ғасырларға тән қыш құмыраларды кесенеге жәдігер ретінде табыс етіп, тарихи құндылықтың музейде тұруын қалағанын жеткізді.
"Музейге сый" акциясына Қазақстаннан ғана емес, көршілес мемлекеттерден және Түркия Республикасынан да атсалысып жүрген азаматтар бар екенін тағы да айтып өтсек артық етпеген болар еді. Солардың бірі, шекара асып, Түркиядан келіп құнды жәдігерлерін музейге сыйға тартып жүрген Исметулла Ясауи мырза, музей қорына көптеген жәдігерлер сыйлаған Қазақстандық Ұлы Отан соғысы ардагері, ұлағатты ұстаз Адасқан Алтаев, Қазақтың «Дарабоз» батыры Қаракерей Қабанбай батырдың қанжарын сыйға тартқан Қазақ ССР халық суретшісі Сахи Романов және де Ахмадулла Исаев, Аман Абдуллаев сынды музей қорына сирек кездесетін дүниелерін сыйға тапсырған ағаларымыз музей жанашыры деп білеміз",- деді қорық-музейдің бас қор сақтаушысы Нұржамал Әшірбаева.
Шара алдағы уақытта да жалғасын табады.

Дереккөз: "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі" РМҚК-нің баспасөз қызметі